RU

Грант дауы: Алматыда ақысыз оқуға түскен талапкерлер тағы да шу шығарды

Алматыда бір топ талапкер ақысыз оқуға түскендер тізімінде болса да, сертификатын ала алмай жүр. Сондықтан, олар студенттік өмірге дайындалудың орнына, 10 күннен бері қабылдау комиссиясын айналшықтауда.

Бірақ сертификат даулағандарға тұщымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Ал кеше олардың кейбіріне көптен күткен қағаз берілгенімен, оның өзі де жарамсыз болып шыққан.

Жабырқаған талапкерлер мен перзентін қалай жұбатарын білмеген ата-ананың медициналық университеттің қабылдау комиссиясын айналшықтап жүргеніне осымен 10 күн. Бар мақсаттары – өздеріне тиесілі сертификаттарын алу. Өйткені ақысыз оқуға түскендердің қос тізімінде де аты-жөндері тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Тағы оқыңыздар: Елбасы «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдап, қордың жұмысын мақтады (фото)

Сертификат даулағандардың дені – «Алтын белгі» иегерлері. Бәрі де ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп, 100-ден аса балл алған. Бірақ одан пайда болмай тұр.

Сондай-ақ, мұндай қиындыққа тап болғандар көп екен. Ақысыз оқуға түссе де, қазір далада қалғандар Алматыдағы өзге оқу орындарында да жетеді.

Ал, 245 баланың мәселесі кеше таңертең шешілгендей болды. Яғни, оларға көптен күткен сертификат берілген. Тек ата-ана мен болашақ студенттердің қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Түстен кейін комиссия өкілдері шығып, бұл құжаттың жарамсыз екенін айтып, оны кері қайтаруды талап етіпті.

Қуанышы су сепкендей басылғандарға қабылдау комиссиясындағылар жақ ашып ештеңе түсіндірмепті. Өйткені, олар тек бұйрықты орындаушы екен. Сертификаттарды кейін қайтару туралы тапсырманы Білім министрлігі берген.

Тағы оқыңыздар: Ел арасында дау туғызған үш тілділік реформасының шикіліктері шыға бастады

Бірақ, министрліктегілер ондай бұйрық берген жоқпыз деп отыр. Ал, жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенде, «Алтын белгі» иегерлерінің мүлдем грантсыз қалатын түрі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1597073-almatyda-grantqa-tusken-talapkerler.html