RU

Германиядағы қазақ баласы: Біз өзгенің қалтасын санағанды жақсы көреміз (фото)

Астана тұрғыны Жәнібек Мағмұров белді неміс жоғары оқу орындарының бірінде тегін білім алуда. Жас жігіт Еуропада кез келген адам тегін білім ала алады деген пікірде. Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлайды.

Жас жігіттің айтуынша, ол Германияға бірнеше себеппен көшіп кетіпті. Ол Астанада неміс мектебін бітірген. Ал "спорттық медицина" мамандығын өзі кезінде "Астана" футболшысы болғандықтан таңдапты.

Тағы оқыңыздар: Сәкен Майғазиев айдай сұлу әйелімен Италияда демалып жүр (фото, видео)

"Біріншіден мен елдің тілін меңгеріп алғанмын. Екіншіден, Германияда университеттер ғасырлар бойы қалыптасқандықтан, онда білім беру деңгейі әлдеқайда жоғары. Үшіншіден, мұнда бәріне білім алу тегін. Тек семестріне 100-300 еуро төлейсің. Ал біздің елде тек жолы болып, грантқа түскендер ғана тегін білім алады", - деп ағынан жарылды Жәнібек.

"Біздің балалар шетелдік диплом әлдеқайда құнды болғандықтан, шетел асып жатыр. Оның үстіне Еуропаның көптеген елдерінде оқу тегін әрі қолжетімді. Семестрге төлем әрі кеткенде 300 доллар. Белді еуропалық диплом алу үшін бұл сондай үлкен қаражат емес. Оның үстіне шетелде оқып, әлем аралауға мүмкіндік туады. Мен ата-анама осындай мүмкіндікті бергендері үшін алғыс білдіремін", - дейді жігіт.

Жәнібек шетелге оқуға түсу оңай еместігін жасырмайды. Аттестаттағы бағаңнан бастап, оқу орнына жолдаған хатыңа дейін бәрі есепке алынады.

Студенттік визаны алу да оңай шаруа емес.

"Сен Германияда 8 мың еуроға шот ашқаныңды дәлелдеуің керек. Бұл шетелде оқуды қалтаң көтеретінін және онда жұмыс істеу үшін емес, білім алу үшін баратыныңды растау үшін қажет шара. Бұл әрине қомақты қаражат. Алайда оны ешқайда жұмсамауға болады. Бұл тек сен Германияда оқыс жағдайға тап болсаң, өз қаражатыңмен жағдайды шеше алуың үшін жасалған сақтандыру.

Оның үстіне шамамен оқудың екінші жылынан бастап жалақысы жоғары жұмысқа тұрып, оқу мен жұмысты қатар алып жүруіңе болады. Германияда 12-13-сыныпқа дейін мектепте оқитынын ескерсек, Қазақстаннан келген студенттер өз елінде бір жыл қандай да бір оқу орнында білім алуы тиіс, не болмаса штудиенколлег деп аталатын бір жылдық оқуды бітіруі тиіс", - деп түсіндірді Жәнібек.

Студент Германияда адамдар сенің киіміңе мән бермейтінін, ішкі жан-дүниеңді бірінші кезекке қойып, баға беретінін айтты.

"Егер сен көшеге үй киімімен шығып кетсең, адамдар саған тесіле қарап жатпайды. Оларға сенің өзіңді ұстау әдебің, қалай сөйлетінің мен әрекетіңнің дұрыстығы маңыздырақ. Ал Қазақстанда қандай көлігің бары, қандай брендтегі киім киетінің адамдардың саған деген қарым-қатынасын өзгертіп сала береді", - дейді Жәнібек.

Жас жігіт Германияда Қазақстан туралы көбі жақсы білетінін алға тартты.

Тағы оқыңыздар: Алматыда жолдың бойынан белгісіз әйелдің өлі денесі табылды (фото)

"Германияда мені жиі қытайлық деп қалады. Бұл мені аздап күйіндіріп жібереді. Тіпті қытайлықтардың өзі келіп маған қытайша сөйлей бастайды. Алайда мен қазақ екенімді айтсам, көбі еліміз туралы жақсы білетін болып шығады. Әсіресе Алматы және Астананы жақсы таниды", - деп жалғастырды Жәнібек.

Шетелде білім мен тәжірибе жинақтап жүрген Жәнібек болашақта Қазақстанға оралып, білікті маман атанбақ.

Жәнібек Қазақстанда футболға тыйым салу керек деген ұсыныс туралы естігенін және оған қарсы екенін жеткізді.

"Меніңше, Қазақстандағы футболды қыруар ақша және жемқорлықпен жиі байланыстыратындықтан, осындай ұсыныс жасалып отыр. Бұл ешкімге құпия емес. Біз, қазақстандықтар ақша туралы тым көп ойлаймыз. Өзгенің қалтасын санағанды жақсы көреміз. Мен шынымды айтсам, біздің футболшылар қанша алатынына ешқашан қызыққан емеспін. Мен үшін ойынның өзі қызық. Көптеген адамдар үшін футбол - өмірдің мәні, сүйікті хобби. Бұл әлемдегі ең танымал ойын. Футболдың дамуы елдің дамуымен тығыз байланысты. Сол себепті оны жоюға болмайды", - дейді жігіт.

Журналист Алтын Нығманованың материалынан аударылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1597133-germaniyadaghy-qazaqstandyq-zhigit-biz.html