RU

Соңғы 25 жылда білім беру саласын эксперимент алаңына айналдырған министрлер кімдер?

Қазақстанның білім-ғылым саласы тәуелсіздік алған жылдардан бері түрлі өзгерістерді бастан кешіріп келеді. Әр келген министр өзгенің бастамасын ысырып тастап, өзінікін енгізуге құмар. Орта есеппен екі жылға жетер жетпес уақыт отыратын шенділердің реформасы қарапайым халықты әбден титықтатып бітті. Әзірге "кенже министр" саналып отырған Ерлан Кенжеғалиұлының жаңашылдықтарын жақтырмағандардың қарасы тіптен көп.

NUR.KZ порталы соңғы 25 жылда елдегі білім беру саласын эксперимент алаңына айналдырған Қазақстанның білім мен ғылым министрлеріне шолу жасайды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында білім мен ғылым саласының басында 15-ке жуық шенеунік отырған.

Онымен қоймай, білім мен ғылым саласын басқару талай рет өзгеріске ұшыраған.

Мәселен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білім мен ғылым екі бөлек сала болған. Халыққа білім беру министрлігінің басында Шайсұлтан Шаяхметов, Мұрат Жұрынов сынды мемлекет қайраткерлері тұрса, Ғылым мен технологияны Ғалым Әбілсейітов пен Владимир Школьник басқарған.

Тағы оқыңыздар: Жеңіл жазамен құтылып кеткен атышулы "шымкенттік Үсеновтің" әкесі кім?

1997 жылы білімді мәдениет пен денсаулық сақтау саласымен біріктірді. Бұл тұста оның тізгінін Иманғали Тасмағамбетов ұстады. Алайда бұл ведомство көпке бармады. Екі жылдан кейін одан мәдениетті бөліп, орнына спортты қосты. Қырымбек Көшербаев басқарып тұрған 1999 жылдың соңында ведомство Білім және ғылым министрі болып атала бастады.

Одан кейін министрлікке келген басшылар ең ұзақ дегенде екі-үш жыл тұрақтаған.

1990 жылдары білім-ғылым да басқа салалар сияқты тоқырау кезеңін бастан кешірді. Мұғалімдер мен оқытушы-ғалымдар жаппай білім беру мекемелерін тастап, жұмыс орнын базарға ауыстырды.

2000 жылдары білім жүйесіндегі атышулы реформа бірыңғай ұлттық тестілеуді енгізу болды.

Дәлірек айтқанда бұл жобаны 2004 жылы Жақсыбек Құлекеев іске асырды.

ҰБТ дауы одан кейінгі министрлерді де тыныш отырғызбады. Әсіресе Жансейіт Түймебаев министр болған жылдары министрлікке тестілеудегі олқылықтарға байланысты шағымдар көп түсті.

Ал қазіргі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің басшылыққа келгеніне бір жарым жыл болды. Осы аз уақыт ішінде оның іске асырып жатқан реформалары қазақстандықтарды титықтатып жіберді.

Көпшілік министрдің үштілділік оқыту жүйесіне, оқулықтағы олқылықтар, ЖОО-на түсу жүйесінің өзгеруіне қатысты реформаларын түсінбей дал.

Ел ұстаздары, оқушылар мен ата-аналар жаңашылдықтардың жылдамдығына ілесе алмай, үсті-үстіне жасылып жатқан тәжірибеден көз аша алмай келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1597475-bilim-zhane-ghylym-ministrligi-el-khalqy.html