RU

Алматы базарында жұмыс істейтін жеткіншектер күніне қанша табады? (фото, видео)

Үш айлық жазғы каникулда оқушылардың басым көпшілігі лагерьлерге барып, демалыстарын қызықты өткізсе, кейбір балақайларға бір тілім нанын өзі тауып жеу үшін еңбектенуіне тура келеді. Осы орайда, Қазақстандағы ең үлкен базарлардан ауыр жұмыс жасап жүрген жеткіншектерді жиі көруге болады. NUR.KZ порталы оқу жылына қуанышпен дайындалып емес, жанын бағу үшін жанталасып жүріп еңбек ететін бүлдіршіндермен тілдесіп қайтқан еді.

Нұркеннің жасы тоғызда. Ол жаз бойы анасымен бірге жеміс сатып үйреніп, қазір өзі жеке сөреде жұмыс жасайды. Балақайдың сөзінше, бес қорап жүзімді таңғы сағат 6-да шаруалардан арзан бағаға алғанымен, кешке дейін келілеп сатып бітірмесе шығынға батады. Сол үшін де түскі асын күннің астында отырып ішеді.

«Жемістің бағасын анам жазып кетеді, мен тек сатамын. Анам екінші орында сауда жасап отыр, арасында келіп тексеріп кетеді. Ақшадан шатаспаймын. Тамақты осы жерде жеймін», - деді балақай.

Гүлайша есімді мына қыз да жалғыз тұрып нан сатады.

«Кішілері - 50 теңге, үлкені - 100 теңге. Көбірек алсаңыз түсіріп беремін», - деп үлкендерше саудаласатын балақай нағашы ағасының бутигінде жұмыс жасайды. Күндік жалақысы қанша екенін жасырғанымен, көрші дүкендегі келіншектер «күніне 500, демалыс күндері 700 немесе 1000 теңге алады» деп айтып берді.

Тағы оқыңыздар: Қуат «Найманды» жекпе-жекке шақырған боксшы жеңіске жетті

Алтын орда базарында есі кірген балалар сауда жасаса, есепті әлі түсіне қоймағандары аядай бұрышта отырып, ата-анасының жұмысының бітуін күтіп, тауарды ұрыдан қориды.

«Балабақша кезегі келмеді, жасы болса беске таяды. Күтуші әйел жалдасаң қып-қызыл ақша, табысыңның жартысын сұрайды. Өзімізбен бірге осылай ертіп жүреміз», - деді атын айтқысы келмеген сөмке сатушы еркек.

Кейде балақайлар иесі жоқ бос орындарға жиналып бірігіп ойнайды, шаршаса жиналған тауардың үстіне жатып мызғып алады.

Тағы оқыңыздар: Жиында музыканы шатастырып алғаны үшін қуылған шенеунік қызметіне оралған

Нұрсұлтан есімді мына баланың жасы 14-те. Ұялы телефонға қажетті заттар сататын дүңгіршектің өзінікі екенін айтты.

«Осы базарда менің екі бутигім бар. Екеуінде де ұялы телефонның ұсақ-түйегін сатамын. Екінші дүңгіршекте жұмысшы бар. Дәлірек айтсам, досым ғой бір сыныпта оқимыз», - деді оқушы.

Нұрсұлтанның сөзінше жұмысы қиын емес, телефонның маркаларын біліп, соған сай қуаттағыштарды ажырата білсе болғаны.

Қара жұмысқа жегілген жеткіншектермен қатар мұнда қайыр сұраған қарасирақтар да көп. Көпшілігі біздің видео камерамызды көріп қашып кеткендіктен, біз оларды жасырын түсіруге тырыстық.

Айбек есімді он жастағы жеткіншек әлі күнге дейін мектепке бармағанын айтты. Садақа тілеп жан бағатын баланың анасы ғана бар. Бетіндегі тыртықты «көлік қаққаннан қалған» деген балақайдың үсті қатты кір.

«Алла разы болсын, ақша беріңізші. Анам базардың алдында құмалақ ашады. Өзіміз Шымкенттенбіз», - деп тиын-тебен түскен соң сөзін аяқтамай, жүгіріп кетіп қалды.

Тағы оқыңыздар: Ене мен келіннің арасын дұрыстайтын амалдармен таныс болыңыз

Алтын орда базарындағы саудагерлердің сөзінше, мұнда жұмыс жасайтын балалардың саны өте көп.

«Жесір әйел бес баласымен бірге базар аралап нан сатады. Ең кішісі - үш жаста. Жан бағу керек. Таң қалмаймыз. Еңбекке ерте араласқанның жаманы жоқ қой. Күнде осы базардан кемі он онбес бала түрлі жұмыс жасап жүреді. Дүңгіршектерді сыпырады, пакет сатады, қауын тасиды»,- деді самса сатушы.

Ал, таразыда тұрып, алты сағат жұмыс жасайтын Қуаныш «әрбір клиенттен 10 теңге табамын» деді.

«Таразыға өлшену 30 теңге болғанымен, 10-теңге таразы иесіне беремін, 10 теңгені орынға төлеймін, қалған 10 теңге өзімде қалады. Сәтті күн болса 800 теңгемен үйге қайтамын», - дейді.

Піскен жүгері сатушы балалар да әр тауардан 10 теңге табыс көреді.

"Жүгерінің көтерме саудадан 20 теңгеден алып, пісіргені үшін ақша береміз, тұрған орынға төлейміз. Сол өзімізге әр жүгеріден 10 теңгеден қалады",- деді атын айтудан бас тартқан жеткіншек.

Базарда ауыр жұмыс жасайтын балалардың көптігін күзетшілер де растады.

«Негізі рұқсат жоқ. Бірақ аш-жалаңаш жүргендеріне қарап жанымыз ашып, тиіспейміз. Ұрлықпен айналысатын балалар да бар. Қалтаға түсетіндерді бірден танимыз. Біз тек сол балаларды ғана қуамыз. Ал, жұмыс жасағандарда шаруамыз жоқ»,- деді күзет қызметкері.

Мұндағы адамдардың барлығы ашық сұқбат беруден қорқады. «Себебі ертең базар басшысы көріп қойса дүңгіршемізді тартып алып, қуып жібереді», - дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1598484-almaty-bazarynda-zhumys-isteytin-zhetk.html