RU

Адам сенгісіз оқиға: Қаражаты жетпесе де, қажылыққа баратынын естіген кейуана егіле жылады

Еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы тұрмысы өте төмен жағдайда тұрып жатқан мүгедек қарияның қажы атануына себепші болды. Биылғы жылы виза берудің соңғы сәтінде адам сенгісіз оқиға болған деп хабарлайды NUR.KZ.

«Осыған дейін бас мүфти тұрмысы төмен отбасыларды аралады. Сол кезде Астана маңындағы Қоянды ауылында тұратын жетім отбасынан шыққан мүгедек анамыздың үйіне барған еді. Ол кісі жағдайын айтты: «Ешқандай қаражатым жоқ, 40 мың теңге зейнетақыма пәтер жалдап отырмын. Мен қажылыққа барудың қаржысын өмірімде жинай алмаймын. Алладан қасиетті жерді көрсетуді сұраймын» деген болатын. Бас мүфти демеушілер табылса, қажылыққа апару мүмкіндіктерін қарастыратынын айтып кеткен. Ол кісі сол сөзді естіп алысымен «Хазірет Сұлтан» мешіті мен Діни басқармаға бірнеше рет келді», - дейді Мәдина мен Мекке қаласына Қазақстан мұсылмандарын бастап кеткен қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев.

Тағы оқыңыздар: Бас мүфти Мәдинаға аттанған қажылардан ел тыныштығы үшін дұға етуді сұрады

Қария тілегін орындау үшін мүфтият мамандары түрлі жолдарын іздеген.

«Қаржы қарастыру қиын болды. Ол кісіге биыл бара алмайтынын айттық. Апамыз ықылас таныта берді. Қажылыққа бару квотасы таусылды, тегін апаратын азамат табылмады. Оның үстіне ол кісі денсаулығына байланысты қажылық амалдарын жасай алмайды. Қажылыққа баруға тосқауыл қойылған барлық нәрселер ол кісінің бойында болды. Виза беруді аяқтап жатқанда ерекше оқиға болды. Соңғы күні бір фирма басшысының көмекшісі шетелдік азамат болып, оған миссия құжаты жүрмейтін болып шықты. Шетел азаматына бөлек құжат дайындалып, оның орны босап қалды», - дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

Осы мүмкіндікті жібермеу үшін мүфтият мамандары бірнеше адамға өтінішпен шыққан.

«Қажылық бөліміне «босап қалған орынды алмаңыздаршы» деген ұсыныс айттық. Қажылықты армандап жүрген бір анамыз бар, оның ешқандай жағдайы жоқ, қажылыққа апару қаржысы да әлі шешілген жоқ, орынды алмай күтіңіздерші» деп өтініш білдірдік. Сол кезде туристік фирманың басшысы хабарласып, апаның қажылық сапарына жұмсалатын қаржыны көтеретінін айтты. Осылай биылғы қажылардың ең соңғысы болып сол кісінің визасы дайындалды. Ол 65 жастағы кейуана. Денсаулығынан, өмірдің тауқыметін көп көргендіктен егде көрінеді.

Қажылыққа баратынын естігенде апамыздың көз жасы көл болды. Ол кісі жасаған дұғасының арқасында келіп отыр. Сондықтан қажылыққа адамның қалауымен емес, Алла қалаған мұсылмандардың жететінін ұмытпау керек. Алла осылай да алып келеді», - дейді қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1598587-adam-sengisiz-oqigha-turmysy-ote-tomen.html