RU

Қазақстандық қажылар әр намазға мың есе сауап жазылатын мешітте жүр

Бүгін Мәдина қаласында барша мұсылман қауымы жұма намазға дайындалып жатыр. Олар бір мезетте миллионнан аса адамды қабылдай алатын Мұхаммед пайғамбардың атақты мешітінде сапқа тұрады. Қазіргі уақытта Қазақстаннан 1500 қажы Мәдина қаласына келіп үлгерді. Қалған қажылар соңғы екі күнде Мекке қаласына жеткізілетін болады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

«Мекке мен Мәдина қаласы ислам құндылықтарына тұнып тұр. Мәдина пайғамбар мешітінің орналасуымен ерекшеленеді. Ол Меккедегі Харам мешіті мен Құдыстағы Ақса мешітінен кейінгі мешіттердің таңдаулысы.  «Нұрлы Мәдина» мешітінде оқылған әр намазға мың есе сауап жазылады. Қазіргі тұрған мешіт бұрынғы Мәдина қаласының орны. Бұрын қала бүгінгі мешіттің көлеміндей ғана болған. Кезінде пайғамбарымыздың өзі тұрғызған мешіттің орны жұмақ бағы саналады. Мешіттің артықшылықтары көп. Онда пайғамбарымыздың үйі мен қабірі орналасқан. Мәдинаға келген әр мұсылман зират басына барып сәлем береді», - дейді Қазақстан қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев.

Тағы оқыңыздар: Бас мүфти Мәдинаға аттанған қажылардан ел тыныштығы үшін дұға етуді сұрады

Мәдина қаласының өзінде мыңға жуық мешіт бар. Онда мешіттерді әр көшеден кездестіруге болады. Қалада қонақ үй бизнесі мен сауда дамыған. «Нұрлы Мәдина» аталатын пайғамбар мешітінің айналасы қонақ үйлер мен ұсақ базарларға толы. Пайғамбар мешітінің жанында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта ол жерде екі миллион мұсылман намазға тұра алатын жағдай жасалады.  Мәдинаға жеткен қажылар шама келгенше  парыз намаздарды мешітте жамағатпен оқуға тырысып жүр. Пайғамбардың жұмақ бағының жанында жүрген мұсылмандар көз жасына ерік беруде. Мемлекет заңы бойынша қасиетті орындарда фотоаппарат қолдануға тыйым салынған.

«Мұсылмандар  аралайтын қасиетті орындардың қатарында пайғамбар заманынан келе жатқан құрма бағы бар. Оның иесі - Алла. Ол жердегі құрма сатылмайды. Екі апта төңірегіндегі қажылық сапарда барлық қасиетті орындарды аралап үлгеру мүмкін емес. Пайғамбарымызға сәлем беру, Айша анамыздың бөлмесінде, пайғамбар  мінбердің жанында, жәннат бағында намаз оқылады. Бұл орындар мұсылман қауымға рухани азық береді»,-дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

Тағы оқыңыздар: Адам сенгісіз оқиға: Қаражаты жетпесе де, қажылыққа баратынын естіген кейуана егіле жылады

Қажылардың қауіпсіздігін, барлық жағдайын бақылауда ұстайтын қажылық миссияның құрамы үздіксіз рейд жұмыстарын жасап отыр.

«27 тамызда барлық қазақстандық қажылар Меккеге барып үлгереді. Қажылық рәсімдерін жасау 30 тамызда басталады. Мина жазығына баратын боламыз», - дейді қажылық миссиясының жетекшісі.

Қажылыққа тек арнайы туристік фирмалар арқылы ғана баруға болады. Бір адамның қажылық сапары үшін 3000 доллардан аса қаржы жұмсалады.

Мәдина қаласындағы ауа райы 40 градусты көрсетіп тұр.

Ондағы тұрғындардың  50  пайызы шетелдіктер. Жергілікті араб азаматтары мемлекеттік қызметте. Саудада жүргендердің дені шетелден келген азаматтар. Бір қызығы, намаз уақыты келгенде барлық дүкендер есігі жабылады. Жергілікті биліктің бұл талабын орындамаған дүкен қожайынына айыппұл салынады.

Айта кетерлігі, қараусыз қалған жайма базардағы заттарға ешкім тиіспейді. Өйткені, бәрін Алла көріп тұр деген шынайы сенім жақсылыққа итермелейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1598602-qazaqstandyq-qazhylar-bir-mezette-mil.html