RU

Байбек жалған нөмірлі қымбат көлікте жүйткіген мұнайшыны ұстап алғанын айтты

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жалған нөмірлі қымбат көлікте жүйткіп жүрген мұнай компаниясының қызметкерін қалай ұстап алғанын айтып берді. Бұл туралы NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек білім қызметкерлерімен болған жиын барысында құқық бұзушылардың әрекетіне күйінішін білдірді.

"Кешкісін сыртқа шықсам, тура жаяу жүргіншілерге арналған жолда джип тұр. Полицияға тапсырма бердім. Олар келіп, бірге тексердік - джип иесі мұнай компаниясында жұмыс істейді екен, нөмірі жалған болып шықты. Яғни заңды бұзбайтын қарапайым адам ешуақытта өзгенің құқығын аяққа таптамайды. Бұл дұрыс емес қой", - дейді әкім.

Тағы оқыңыздар: Алматыда жоғалып кеткен екі жасар баланың мәйіті әжетханадан табылды

Кейбірі жаяу жүргіншілердің жолын тіпті елемейтініне ашуланған әкім оларға қатаң ескерту жасады.

"Сонда адамдар көлік жолына шығуы тиіс пе, әлде ауамен ұшып өтуі тиіс пе? Сол себепті әркім өз мәселесін шешерде өзгенің заңды құқықтарына да әсері барын түсінуі тиіс", - дейді Байбек.

Қала әкімі сөз соңында тәртіп сақшыларына осы мәселені жіті бақылауына алуларын тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1598956-baybek-zhalghan-nomirmen-qymbat-kolikt.html