RU

Алматы облысында ішкі тәртібі түрмеге ұқсайтын балабақша жұрттың ашуын туғызды

Алматы облысында ескі дүкеннің ғимараты аз уақытта бөбекжайға айналып, зардабын кішкентай балалар тартуда. Іші де, сырты да талапқа сай келмейтін жекеменшік балабақша бір ай бұрын жұмыс істей бастаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал, бүлдіршіндер есебінен пайда табуға кіріскен кәсіпкер, тіпті санитар дәрігерлерден рұқсат алмапты. Сыртынан қарағанда қоймаға ұқсайтын ғимаратта 40 бала бар.

"Едені бетоннан жасалған. Оның үстіне тек линолеум жая салыпты. Терезе деген атымен жоқ. Балалар қараңғы әрі суық жерде отырады", - дейді Алмалы ауылының тұрғыны Бақыт Нұрбаева.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да анасы аяусыз ұрған бала мүгедек болып қалды

Тіпті, жолдың бойында орналасса да, бөбекжай қоршалмаған. Соның кесірінен, ішінен қашып шыққан бүлдіршіндер де болыпты. Балабақшада кішкентайларға арналған ойыншық пен әткеншек те жоқ. Жағдайы осындай бола тұра, иелері әр бала үшін айына 10 мың теңге алып отыр.

Ашынған ата-аналар мұндай бөбекжайдың барынан жоғы жақсы дейді. Ал, Алмалы ауылының кейбір тұрғындары «барға қанағат» етуге мәжбүр. Өйткені, үш мың адам тұратын елді мекенде бұдан басқа балабақша жоқ. Кәсіпкерлер болса, жұмысқа ертерек кірісуімізді тұрғындардың өздері қалады деп ақталды.

Қожайындар әзірге «осының өзіне рахмет айтсын» дегендей сыңай танытып отыр. Ал бұдан кейін бүлдіршіндерді жаңа ғимаратқа көшіріп, ауылда бұрын-соңды болмаған бөбекжай салып береміз деп сендірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1599198-almaty-oblysynda-ishki-tartibi-turmeg.html