RU

Әлем чемпионын жеңген Фируза Шәріпова көптің көзінше жылап жіберді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шәріпова Астанада болгар қызы Милена Колеваны жеңіп, екі бірдей чемпиондық атаққа қол жеткізді деп хабарлайды Vesti.kz.

Бірінші раундтан бастап Фируза қарсыласын бұрыштан-бұрышқа тықсырып, белсенділігін байқатты. Болгар қызы қорғаныста жұдырықтасып, сәті түскенде ғана шабуылдаумен болды. Раунд сайын қарқынын арттыра түскен отандасымыз дөп соққыларымен алға оза түсті.

Милена Колева да тәжірибелі екенін байқатты. Екі бірдей чемпиондық атақ сарапқа салынатын жекпе-жекке дайындалып келгені көзге ұрды.

Фируза 8 раунд бойы соққы жасап баққанмен, Милена жекпе-жек соңына дейін шыдап бақты. Дегенмен кездесуде отандасымыз айқын басымдығын танытты. Төрешілердің барлығы Фирузаны жеңімпаз ретінде таныды.

Тағы оқыңыздар: Антальядан Астанаға ұшатын 138 жолаушы елге жете алмай, дал болды

Милена Колеваны жеңген Фируза Шәріпова жеңіл салмақта WIBA және WBU тұжырымдары бойынша чемпиондық атаққа қол жеткізді.

"Мені қолдауға келген баршаларыңызға алғысымды білдіремін. Жаттықтырушыларым мен ата-анама рақметімді айтамын. Бұл жеңіске үлкен еңбектің арқасында қол жеткіздік. Командама рақмет. Алға, Қазақстан", - деген боксшы жиналған көрерменнің алдында көз жасына ерік берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1599484-alem-chempionyn-zhenhgen-firuza-sharipov.html