RU

Қазақ жігіті: Араб елінде қыздармен таныссаң оның ағасы не әкесі есіңді тандырып жібереді

Мұхаммед Сойркас Мекке қаласында туған. Саяси оқиғалар кезінде оның аталары араб елдеріне қоныс аударған. 20 жасына дейін Мекке мен Мәдина қалаларында тұрған ол отбасын құру үшін Қазақстанға көшіп келген деп хабарлайды NUR.KZ.

«Бұл жерде жігіттер қыздармен таныса алмайды. Сөйлесе қалсаң, әкесі не ағасы есіңді тандырып жібереді. Араб елдерінде қыздарға жоласаң басың бәлеге қалады. Ер адамдарға көшеде бөгде қызбен сөйлесуге тыйым салынған. Дін жағынан бұрын намыс мәселесі басым. Қазақстанға барып үйленуді армандадым. Ауылға келуімнің бір себебі де осы. Қазір отбасым бар», - дейді Мұхаммед Сойркас.

Араб елінде туған жігіттің қазақ еліне келгеніне 20 жылдан асқан. Үлкен қызы 20 жаста.

«Өзім 1975 жылы Мекке қаласында тудым. 1995 жылы Қазақстанға көшіп кеттік. Жүрегімізде Отанымызға деген сағыныш болды. Әкем Мекке қаласына Қызылорданың Қармақшы ауданынан келген. Араб елінде 20 жылдан аса тұрсақ та, шетелдік болып саналасың. Дәрежең кеше келіп, көше сыпырып жүрген жұмысшымен бірдей. Солардың тілінде сөйлегенімен сені өздеріндей қабылдамайды, саған төмен көзбен қарайды. Сондықтан, елбасымыз шетелде жүрген қазақтарды жинаған кезде біз де көштің басын елімізге бұрдық», - дейді Мекке қаласында туған қазақ жігіті.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев салғызған мешітті көргенде Қырғызстанның бас мүфтиі жылап жіберген

Оралман жігіт қазақстандықтардың дені орыс тілінде сөйлейтінін көріп таң қалған.

«Қазақстанға алғаш барған жылдары қазақша білетін адам таппай қиналатын едік. Адамдардың бәрі орыс тілінде сөйлейді. Араб елдерінде Ауғанстаннан, Түркиядан келген қазақтар көп болды. Аталарымыз өздерімен тек қазақ тілінде сөйлеуімізді талап етті. Сол ақсақалдар біздің туған тілімізді ұмытпауға көп көмектесті. Елге келгенде еркіндікті көрдік. Рахат өмірді сезіндім. Қалағаныңды жасауға мүмкіндік бар. Қалаған жағыңа бара аласың. Араб елдерінде сыртқа шығудың өзі үлкен мәселе. Қажылықтан кейін шетелдіктерге бақылау күшейеді», - дейді Мұхаммед.

20 жыл араб елдерінде тұрған мұсылман жігіт ол жақтың өмірі туралы да айтып берді.

«Бұл жақта әйел адамның жалғыз жүруі жақсы емес. Ашық жүруге мүлде болмайды. Мұнда үкімет әйелдерге қара киіммен жүруді заңдастырып қойған. Бұл жақта әйел мен ер адамның достығына мүлде тыйым салынған. Мұнда қыз бала 10 жастан асқаннан кейін қап-қара болып жабық киінеді. Қазір араб елдерінде тұрмысқа шықпай жүрген 30 жастан асқан қыздар көп. Себебі, араб елдерінде қыздардың қалыңмалы өте қымбат. Қыздың қалың малын таба алмай 40 жасқа дейін жүретін ер кісілер бар. Қалың малдың бағасы 40-50 мың долларға дейін жетеді. Елдің байлары 30 жастан асқан қызды алған адамға тегін той жасап береді», - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1600592-qazaq-zhigiti-arab-elinde-qyzdarmen-ta.html