RU

Жұмыс уақытында мешітке барған мемқызметкер жазалануы мүмкін

Мемлекеттік қызметкердің этика кодексі мен еңбек кодексін бұзған азаматтарға қолданылатын жауапкершілік қатаңдатылуы мүмкін деп хабарлады Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевқа сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан.

"Бұл мәселеге байланысты мемлекеттік қызметкердің этика кодексі бар. Оны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қабылдаған болатын. Осы этика кодексі бойынша кез келген мемлекеттік қызметкер өз діни сенімін ашық түрде көрсетпеуі тиіс. Одан басқа еңбек кодексі де бар. Еңбек кодексінде жұмыс уақытында кез келген жұмысшы немесе қызметкер өз жұмыс орнында болуы керек. Сондықтан бұл жерде тек этика кодексі мен еңбек кодексін сақтау мәселесі. Бос уақытында ешкімге ешқандай шектеу қойылмайды. Бос уақытында немесе демалыс күнінде кез келген азамат кез келген діни мекемеге — мешіт болсын, шіркеу болсын еркін бара алады", — деді Ермекбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Тағы оқыңыздар: Қазақстанда қысқа балақ пен сақал қоюға тыйым салынбайды

Бұл мәселе жаңа заң жобасы аясында әлі талқыланып жатыр. Министрдің айтуынша, жауапкершілік күшейтілуі мүмкін.

"Қазіргі заң жобасында бұл мәселеге байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Жауапкершілік күшейтілуі мүмкін", — деді Ермекбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1600985-zhumys-uaqytynda-meshtike-barghan-memqy.html