RU

Алматыда жатақханаға орналаса алмай, қала кезген студенттер бар шындықты жайып салды

Алматыда студенттердің нағыз қарбаласы басталды. Қаладағы 50-ден астам жоғары оқу орнының кейбірінде жатақхана мүлде қарастырылмаған болса, жатақханасы бар университеттерде орын жеткіліксіз. Оқу орындары көп, ал жатын орын аз. Бұл - алматылық студенттердің жылдағы жыры таусылмайтын мәселесі.

Алматы қаласы басшылығының өткен жылдардағы мәліметінше, қаладағы студенттер саны 200 мыңнан асады. Оның 90%-ы басқа аймақтардан келіп оқитындар.

Қазақ ұлттық университетінің төртінші курс студенті Айнұр Ерікқызы (есімі өзгертілген) тамыз айының ортасынан бері жалдауға пәтер іздеп таппай жүр. Жатақханада тұру бақыты оған тек бірінші курста ғана бұйырыпты. Одан кейінгі жылы жатақханадан орын алып беру үшін делдалдар 70 мың теңге сұраған.

Биыл диплом алуына аз-ақ қалған студент университет басшылығының қысымынан қорқып, есімін өзгертіп жариялауды сұрады.

Тағы оқыңыздар: Астанадағы Президент саябағында жайылып жүрген сиырлар желіде жұлдыз болды

«Студенттер үшін баспана мәселесі қиын. Университет маңындағы пәтерлер қымбат. Жатақханада орын жетпейді. 70 мың теңгеге орын тауып беруді ұсынған делдалдар болды, өзім келіспедім.  Онда жағдай жасалмаған. Бөлмелерде қандала, тарақандар көп. Жыл сайын сол қайталанады. Өз бетімізше тазалап көрдік, бірақ кетпейді екен», - дейді ол.

Университеттің екінші курс студенті, қызылордалық Жансая Марат биыл жатақхана құнының сегіз пайызға қымбаттап кеткендігін қынжыла жеткізді.

«Биылғы оқу жылында студент төрт адамдық бөлмеде тұру үшін жылына 81 мың, үш адамдық бөлме үшін 91 мың, екі адамдық бөлме үшін 102 мың теңге төлеуі тиіс.  Бірақ, амал жоқ, пәтер жалдау одан да қымбатқа түскендіктен оған да көнуге тура келеді», - дейді Жансая.

Тағы оқыңыздар: Бердібек Сапарбаев: Егер білім саласында тамыр-таныстық болса, онда біткеніміз

NUR.KZ порталына аталған университеттің баспасөз қызметі жатақхана төлемінің қымбаттау себебін 2017-2018 оқу жылында коммуналдық қызметтер тарифі мен инфляция деңгейіне байланысты 8 пайызға өскенімен түсіндірді.

"Қазақ ұлтық университетінің студенттер үйі бес мыңнан астам студентті қабылдай алады. Студенттер үйінде жаз бойы кезекті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық бөлмелер, жиһаз бен төсек-орындар санитарлық өңдеуден өткізілген. Оқу жылының қарсаңында студенттер үйлерінің даярлығын Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, қалалық жастар ұйымдары, жергілікті полиция қызметі, СЭС және ТЖ өкілдерінен құралған арнайы комиссия тексеріп, оң баға берді. 

Айта кетерлігі, студенттер үйіне төленетін ақы ғимараттарды ұстауға кететін шығынның 60 пайызын ғана құрайды. Университетке оқуға түскен жетім және мүгедек студенттер ақысыз орындармен қамтамасыз етіледі", - делінген хабарламада.

Қазақ ұлттық медицина университеті жатақханаларының да көп студентті қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Мұнда бір орын жылына 36 мың теңге.

«Бізде шетелден келген (Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан) студенттерге жатақхана бірінші кезекте берілетіндіктен көпшілігіне орын жете бермейді. Оқу жылының басы «жатақханадан орын бұйырар ма» деген бір үміт, бір күдікпен өтеді. Біз де 50 мың теңге ұсынсаң, орын тауып береміз дегенді естиміз», - дейді үшінші курс студенттері.

Тағы оқыңыздар: Айқынды қапсыра құшақтап, жібермей қойған қарағандылық қыз күлкіге қарық қылды (видео)

Жатақханалардан орын ала алмаған студенттер қаладағы пәтерін жалға берушілердің қалтасын қампайтып жүр. Риелтор маман Марат Садықовтың айтуынша, қазір жылжымайтын мүлік нарығының ең қызған шағы.

«Тамыздың 15-інен қыркүйектің соңына дейін студенттер пәтер таппай сандалады. Жоғары сұранысқа ие аудандар Алматыдағы ЖОО орналасқан Бостандық, Алмалы, Әуезов аудандары. Оқу орындарының жанында орналасқан бір бөлмелі пәтерді жалдаудың құны 75-80 мыңның айналасында», - дейді бізді қазіргі жағдайдан хабардар еткен маман.

Оның сөзінше, қыздардан гөрі жігіттерге жалдайтын пәтер табу қиынның қиыны.

«Студент жігіттерге пәтер табу оңай емес, оларға иелері пәтерді жалға бергісі келмейді. Себебі, студенттердің өмірі қызу, күнделікті көңіл көтеру, отырыстар, оның үстіне тазалықты сақтамайды. Қожайынның талабы көршілерге маза беріп, уақытында ақысын төлеу», - дейді Марат Садықов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1601903-almatyda-zhataqkhanagha-ornalasa-almay.html