RU

Қажылықта жүрген 90 жастағы қария намаз оқып жатып аяғын жарақаттап алған

«Нұрлы Мәдина» мешітіне парыз намазын оқуға барған 90 жастағы қария аяғын жарақаттап алып, жүруге шамасы келмей қалды. Қарияға жергілікті дәрігерлер медициналық тегін қызмет көрсетіп жатыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

«Ол кісінің жағдайы жақсы. Мәдина қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің бақылауында», - дейді Қазақстан қажылық миссиясының дәрігері Руслан Ізбасаров.

Қазақстан қажылық миссиясының өкілдері Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі қарияның барлық қажылық амалдарын өтеуді міндеттеріне алғанын хабарлады.

90 жастағы Үмітай Рымбекова қажылыққа Астана қаласынан шыққан. Бұл - кейуананың екінші қажылығы екен.

Тағы оқыңыздар: Меккеде жат ағым өкілдері қатаң бақылауда (фото)

Қазақстан қажылық миссиясының дәрігерлері үлкен сапар алдында денсаулыққа көңіл бөлуді ескертеді. Ыстық жаққа келген ересек адамдардың арасында денсаулығы сыр беретіндер жоқ емес.

«Қажылық үлкен жауапты құлшылық. Көп адам оны жақсы түсіне бермейді. Өзіне жауап бере алмайтын, денсаулығын мүлде тексертпеген адамдар осы жерге келіп қиналып жатады. Қажылыққа дайындалған адам рухани ғана емес, денсаулық жағына да көңіл бөлу керек. Себебі, қажылықтың барлық рәсімін орындау үшін адамға денсаулық керек.

Біз қажылыққа ниет еткендер денсаулығын тексертсе екен дейміз. 3-4 рет инфаркт алып келетіндер бар. Үлкен кісілер дәрігерден қандай дәрі түрлері жақпайтынын, қандай аурумен ауыратындығы жөнінде анықтама әкелсе, ем көрсетуде жеңіл болады. Өткен жылы кісі өлімі секілді оқыс жағдай болған жоқ. Ал, оған дейінгі жылдары қазақстандықтардың арасында 4-5 адам өлімі тіркелетін», - дейді миссия дәрігері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1601916-qazhylyqta-zhurgen-90-zhastaghy-qariya-namaz.html