RU

"Ninety One" әкелген жаңа леп: Алашұлы тобының да жанкүйерлері пайда болды

Қазақ эстрадасы мен шоу-бизнесінде танымал әншілер мен  топтардың жанкүйерлерінен құралған фанклубтары күн санап көбейіп келеді. Осыған дейін құралған "фандомдар" қатарына Алашұлы тобының да жанкүйерлері қосылды.

Сонымен қатар, шет елдерде де аталмыш топтың тыңдармандарынан құрылған фанклуб ашылған.  Түркиядағы жанкүйерлерінің жаңалығымен "Алашұлының" ресми парақшасы бөлісті.

"Біздің Түркі еліндегі Фан парақшамыз ашылыпты!!! Үлкен рахмет Алашфан!!! Бастау құтты болсын", - дейді топ жігіттері.

Тағы оқыңыздар: Атақты "Новая волна" байқауында ел намысын қорғайтын Рүстемнің дайындығы қалай?

Айта кетерлігі, бұған дейін дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген топтың соңғы "Пай, пай, пай" әніне түсірген бейнеклиптерінен кейін тыңдармандар пікірі екіге жарылды. Онда беттерін бояған, түрлі стилде киінген жастар мен жауынгер рухты топтың арасындағы арпалыс бейнеленген.

Кейбір тыңдармандар оны "91" тобына қарсылық деп таныса, басқалар олай еместігін дәлелдеп әлек. Дегенмен БАҚ-қа берген сұхбатында, Алашұлы тобы клипті белгілі бір топқа қарсылық емесін, жаһандануға байланысты түсіргенін айтады.

Ал "91" тобының продюсері Беделхан клипті мүлде көрмегенін айтып, пікір білдіруден бас тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1602341-91-toby-akelgen-zhanha-lep-alashuly-tobyny.html