RU

Көкшетау тұрғыны өз үйін өзі жаруы мүмкін деген күдікке ілінді

Көкшетауда көпқабатты үйде газ жарылып, бір пәтер өртеніп кетті. Ал оның иесі, 64 жастағы Нұрғали Богапов денесінің 92 пайызын күйік шалып, ауруханада жатыр. Оқиға куәгерлерлерінің айтуынша, жарылысты Богаповтың өзі жасауы мүмкін. Себебі, үнемі мас жүретін ол көршілерін «жарып жіберем» деп қорқытады екен деп хабарлайды КТК арнасы.

Жарылыс дауысы шыққанда, жұрт таңғы ұйқысынан оянып үлгермеген екен. Іле-шала екінші қабаттағы пәтерде өрт шыққан. Подьезді түгел түтін басып, тұрғындар бір-бірін құтқаруға ұмтылыпты. Ал жарылыс болған пәтер иесінің денесі күйіп, линолеумға жабысып қалған.

"Алла сақтасын, дүмпу қатты болды. Бүкіл темір есіктер ашылмай жабысып қалды", - дейді көршісі Айжан Байтемірова.

Арақ ішіп, көпқабатты үйдің тұрғындарына үнемі қоқан-лоққы көрсетіп жүретін 64 жастағы азаматтың пәтерінде не жарылғанын мамандар дереу тауыпты.

Тағы оқыңыздарҚарттар үйінде тұратын 82 жастағы қария зейнетақысын жинап қажылыққа барды

"Өрт басылған соң мен полициямен бірге пәтерге кірдім. Бұл үйді орталықтандырылған газбен біздің серіктестік қамтамасыз етеді. Үйдегі құрылғыларының бұрандалары тегіс жабық тұрды. Өрт сөндірушілер жатын бөлмеден сырты әбден күйген газ балонын алып шықты", - дейді «РСУ Газ строй сервис» ЖШС директоры Евгений Джуркин.

Яғни үй иесінің өзі балондағы газды шашып, от қойған деген болжам айтты мамандар.

Қазір тиісті қызметтерден құрылған комиссия болған жағдайдың мән-жайын анықтауда. Тұрғын үй инспекциясы көпқабатты үйдің техникалық жағдайын тексеріп жатыр. Әзірге белгілісі қабырғаға түскен сызаттың жоқтығы.

Ал бұл лаңкестік әрекет пе, әлде оқыс жағдай ма, оны да құзырлы органдар анықтауы тиіс. Денесінің 92 пайызы күйік шалған пәтер иесінің халі өте ауыр. Дәрігерлер оның бетінің бері қарауы екіталай деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1602602-kokshetau-turghyny-oz-uyin-ozi-zharuy-mum.html