RU

Алматыда анасы мен қызы жүйткіген көліктің астында қалды

Алматыда күре жолдардың бірімен жүгіріп өтпек болған анасы мен қызы жантүршігерлік жол апатына ұшырады. Жүйткіп келе жатқан көлік оларды байқамай қалып, қағып өткен деп хабарлайды КТК арнасы.

Жантүршігерлік жол апаты 28 тамыз күні түнде Әл-Фараби даңғылында болды. Жақын жерде жерасты өткелі болса да, қос әйел жолдың арғы бетіне рұқсат етілмеген жермен жүріп өтпек болады. Алайда, көшенің орта тұсына келгенде батысқа қарай жүйткіген жол талғамайтын көлік оларды байқамай қалып, қағып кеткен.

Оқиға орнына тез арада жедел жәрдем жеткенімен, жаяу жүргіншілердің бірін аман алып қалу мүмкін болмады. Қатты соққыдан 68 жастағы әйел сол жерде тіл тартпай кеткен.

Ереже бұзамын деп, апатқа себеп болған марқұмның қызының да жағдайы қиын. Ондаған жерінен жарақат алып, көп қан жоғалтқан ол жансақтау бөлімінде жатыр.

"Жағдайы өте ауыр. 2 жамбас сүйегі сынған, 10 қабырғасы сынған,миы шайқалған", - дейді анестезиолог Ғалымжан Пірмағамбетов.

Тағы оқыңыздар: Көкшетау тұрғыны өз үйін өзі жаруы мүмкін деген күдікке ілінді

Сондықтан, науқастың аяққа тұруына ұзақ уақыт керек дейді дәрігерлер. Ал, тәртіп сақшылары адам өлімімен аяқталған апаттың мән-жайын анықтауға кіріскен.

"Қылмыстық Кодекстің 345 бабының үшінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалатын болады. Осы қылмыс үшін бес жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімі көзделіп отыр", - дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Соңғы кездері жаяулардың кесірінен болатын осындай қайғылы оқиғалар жиілеп кеткен. Мәселен, жыл басынан бері тек Алматының өзінде 30-ға тарта апат тіркеліпті.

Сондықтан, полицейлер азаматтарға ерінбей, жерасты өткелімен немесе арнайы жолақпен жүру керектігін тағы ескертті. Өйткені, заңға бағынбағандар бірінші кезекте өз өміріне қауіп төндіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1602618-almatyda-anasy-men-qyzy-zhuytkigen-kol.html