RU

Астана тұрғыны сақшылардан жәбір көргенін айтып, дабыл қақты

Астана қаласының тұрғыны аулада есірткі шегетіндерге шағымданамын деп қолын сындырды. Айтуынша, полицейлер анаша шегетіндерді емес, өзінің қолын бұрап сындырған. Тіпті сақшылар басқа да қылмыстарға итермелеп келе жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды "Астана" арнасы.

28 жастағы Данияр Ысқақовтың айтуынша, көрші төрт жігіт анаша шегіп, мазаны алатын көрінеді. Жағдай қайталана берген соң, өзге көршілері тәртіп сақшыларын шақырған. Алайда, Даниярдың айтуынша, сақшылар келгенімен, шөп шеккен адамдардың ісін елемеген. Бұған көңілі толмаған ол сақшылардың шара қолдануын сұрайды.

"Сол сәтте полицейлер өзіме шабуыл жасап, қолымды бұрап сындырды", - дейді. Мұны Даниярдың әйелі телефонына түсіріп алған.

"Келсем, төбелес басталып жатыр. Аналар тиісе бастады жолдасыма, қылқындырып, сосын мен милицияны шақыра бастадым. Келді де, мыналарды алып кетті. Алып кеткенімен, қайтадан есікті тартып сындырды. Сосын басталды әрі қарай", - дейді жәбірленушінің Динара Бисекенова.

Тағы оқыңыздар: Бақытты жұптардың күн сайынғы әдеттері қандай?

"Милицияны шақырғанда менің әйелім, сол кезде милициялар келіп, мен кімнің атына шақырдым, соларды алып кетпей, менің қолымды қайырып сындырып, ұрып, мені қылмыскер ретінде көлікке салып, алып кетті. Сосын ар жақта қинады кішкене. Жедел жәрдем шақырмады. Сосын айтты сені отырғызамыз деп", - дейді жәбірленуші.

Данияр балалар үйінде тәрбиеленген. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары оны түрлі қылмыстарға мәжбүрлейтін де көрінеді.

"Егер дүкендерден қажетті заттарын ұрлап бермесем, қылмыстық іс ілеміз деп, қоқан-лоққы жасайды", - дейді.

Полицейлерден жәбір көрген Данияр Ысқақов ІІД мен Бас прокуратураға да арызданған.

"Қылмыстық кодекстің 362 бабы бойынша іс тіркелген болатын. Және де жан-жақты тексеріс өзіндік қауіпсіздік басқармасында тексеру жүргізіліп жатыр", - дейді Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.

362 бап "лауазымын асыра пайдалану" бабы. Демек, Данияр атап көрсеткен погондылар ісі тексеріліп жатыр. Шешім жақында шығарылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1602848-astana-turghyny-saqshylardan-zhabir-kor.html