RU

Алтын тойларын дүркіретіп өткізген Ерке Есмаханның ата-анасы бақытты екендерін айтты

Конституция күнінде Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңда 50 жұп шаңырақ көтеріп, некелерін қиды. Мерекелік шеру өткен соң, күйеулер мен қалыңдықтары алаңға шығып, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұованың қолдарынан неке куәліктерін алды деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Неке куәліктерін салтанатты жағдайда Сапарбаев және Қалдығұловадан өзге облыстың танымал азаматтары табыстады.

Өз кезегінде, отбасы құрғандарына 25, 30, 40, 50 жыл болған жұбайлар да жастарды заңды некелерімен құттықтап, сый-сыяпаттар тарту етті.

Танымал әнші Ерке Есмаханның таяуда ғана алтын тойларын дүркіретіп тойлаған ата-анасы Әбдірәш ақсақал мен Мақпал апай Григорий Еремин мен Айдана Нектаева есімді жас жұбайларға сыйлықтарын ұсынып, оларға бақыт тіледі.

Тағы оқыңыздар: Ерке Есмаханның әнін үйлену тойында шырқаған орыс қызы желіде жұлдыз болды

Aktobenews.kz тілшісіне берген сұхбатында Әбдірәш Есмахан Мақпал апаймен шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болғанын, осыдан тура бір ай бұрын алтын тойларын дүркіретіп атап өткендерін жеткізді.

«Құдайға шүкір, бақытты отбасымыз деп айта аламын. 1967 жылы жаз мезгілінде шаңырақ көтердік. Бір жылдан кейін алғашқы баламыз дүниеге келді. Бүгінде Ерік қала мектептерінің бірінде директор. Одан кейін Гүлбағда мен Венера есімді екі қызымыз жарық дүние есігін ашты. Олар да қалада, отбасылы, қызметте, кәсіптері бар. Ал, бұрын облыста имам болған Бауыржан баламыз облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы болып жүрді, қазірде жаңадан құрылған дін және азаматтық қоғам министрлігіне ауысты. Түркияда білім алған», — дейді Еркенің әкесі.

Тағы оқыңыздар: Әлемге әйгілі брендтің иесі ең бай адамдар тізімінде көш бастады

«Ерке қызымызды ел біледі. Өзінің өнерімен халыққа қызмет етіп, олардың құрметіне бөленіп келеді. Бүгінде Мақпал апайың екеуміз де зейнеткерміз. Балаларымызды бақтық. Немерелерімізді қағып жатырмыз. Шөберелеріміз қасымызда. Еліміз аман болсын, Тәуелсіздігіміз баянды болсын», — деген ақсақал жұбайы Мақпал апаймен бірге мереке күні шаңырақ көтерген жастарға батасын берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1604099-altyn-toylaryn-durkiretip-otkizgen-e.html