RU

ІІМ: Астанадағы дүрбелең шетелдіктердің күзетшіні соққыға жығуынан басталған

"Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылыс нысанында орын алған төбелестің мән-жайын Қазақстанның ІІМ мемлекеттік тілдер мен ақпарат департаментінің басшысы Алмас Сәдубаев толығырақ айтып берді деп хабарлайды Sputnik Kazakhstan агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ. 

Оның берген мәліметі бойынша,  салынып жатқан "Абу-Даби Плаза" кешені аймағында Үндістаннан келген жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылар арасында қатығыс орын алған.

"Төбелестің орын алуына күзетшінің мас үндістандық жұмысшыны нысан аймағынан шығармай қоюы себеп болған. Бұдан кейін ол өзінің жерлестерін шақырып, күзетшіні соққыға жыққан. Жергілікті жұмысшылар күзетшіге жақтасып, салдарынан барлығы 30-ға жуық адам қатысқан жаппай төбелес орын алған", - деп мәлімдеді Сәдубаев.

Тағы оқыңыздар: Астанадағы дүрбелең: Полиция бас қаладағы бірнеше көшені қоршауға алды (видео)

Ішкі істер органдары бұл жайттың салдарынан орын алуы мүмкін қақтығыстарды болдырмауға бағытталған бірқатар шаралар кешенін жүзеге асырды.

"Қала тұрғындарынан алауыздық тудыратын жайттар мен ойланбай жасалған әрекеттерден сақтанып, түрле қауесеттер мен расталмаған ақпараттарды таратпауын сұраймыз. Жағдай толығымен шешімін тапты, қазір полция бұл жайтты өз бақылауына алды", - деп мәлімдеді Сәдубаев.

Еске салсақ, Астанада салынып жатқан "Абу-Даби Плаза" кешеніндегі құрылыс аймағында жаппай төбелес орын алып, полиция қызметкерлері Есілдің сол жағалауындағы екі көшені жауып тастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1605173-iim-astanadaghy-durbelenh-sheteldikter.html