RU

Сүйегі 70 жерінен сынған жігіт парызын өтеу үшін Меккеге аттанып кетті (фото)

Қажылық парызын өтеп жүрген 22 жастағы жігіт NUR.KZ порталымен қуанышымен бөлісті. Арбада отырса да төрт жылдан бері мешіт жамағатына қосылып намаз оқитын жігітке дін қызметкерлері қажылыққа тегін жолдама сыйлаған.

«Қажылық маған Алланың шақыруымен бұйырды. Музыка саласында білім алу үшін Көкшетауда төрт жыл оқыдым. Жатақханада жатқанымда менімен бір ай ғана таныс досым үйіне шақырып алды. Осылайша көкшетаулық достарыммен танысып, мешітке барып жүрдім. Мені байқаған мешіт жамағаты қажылыққа жолдама беруді ойластырған. Олар менің атымды білмегендіктен таба алмай қиналған. Мешіт жамағаты мен үшін дұға жасайды.

Мәулітке бір күн қалғанда маған хабар жетті. Науан Хазірет мешітінің бас имамы қажылыққа баруға тегін жолдама сыйлап, қасиетті жерді басуыма себепші болды. Ол кісі қазір Астанаға ауысты. Мені қажылыққа бара жатқан адамдарға тапсырды. Мен де өзіме сенімді болдым. Себебі, мұның бәрі жайдан жай болып жатқан жоқ», - дейді Алтынбек Ақниет.

Қазақ ұлттық университеті ән факультетінің 3-курсында оқитын Алтынбек Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тумасы. Елге оралған соң бірінші топ мүгедегіне ота жасалады.

Тағы оқыңыздар: Имам: Шенеуніктер Алланың алдында ешкім емес

«Маған негізі шілде айында ота жасау керек болатын. Қажылыққа байланысты кейінге қалдырылды. Ең бірінші Алла алдындағы парызымды өтеуге мүмкіндік туып жатыр. Отаның да сәтті өтетініне сенемін. Кішкентай кезімнен арбада отырамын. Сүйегім өте әлсіз болып туылғанмын. Сүйегім 70 рет сынған шығар. Мәскеуде емделдім. 14-15 жасымда сүйегімнің сынуы тоқтай бастады", - дейді ол.

Алтынбек өмірінде үлкен өзгерістер болатынына сенеді.

«Арафатта тұрып дұға жасадым. Тілегеңнің қабыл болатынына күмән келтірмейтін жер. Қағбаны көрдім. Өзімді үлкен әлемнің кішкене бөлігіне енгендей сезіндім. Мәдинадағы пайғамбар мешітінен қатты әсер алдым. Қасиетті жерге жетудің өзі бақыт. Намазға жығылғаныма үш-төрт жылдай болды. Мешіт ұнайды, ол жерден тыныштық табамын. Пайғамбарымыз: «Мен сіздерге көркем мінез жеткізу үшін келдім» деген. Барылығы Алладан келетінін ұмытпауымыз керек», - дейді Алтынбек Ақниет.

Алтынбек Ақниетке жасалатын отаға қаржылық қолдау көрсетемін деушілерге:

Qiwi кошeлек:

8708 199 49 27

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1605590-suyegi-70-zherinen-synghan-zhigit-paryzyn-o.html