RU

Туған жерін аңсаған кішкентай қазақ қызы сегіз жылдан кейін отанына оралды (видео)

Сегіз жыл бұрын француздар асырап алған Оливия-Мария-Фатима есімді қазақ қызы туған жерін көргісі келіп, Қазақстанға оралды. Бұл туралы NUR.KZ порталы Настоящее времяға сілтеме жасап хабарлайды.

Сегіз жыл бұрын Франциядағы ерлі-зайыпты Кити мен Михаэль қазақ қызын асырап алады.

"Рақмет, сау бол" деген бірқатар қазақ сөздерін жаттап алған тоғыз жасар Оливия-Мария-Фатима бүгінде туған жерін танып-білуге асық.

"Біз қызымызды екі ай бойы көріп жүргенбіз. Алайда асырап алу тым ұзаққа созылып кеткесін, қызымызбен қоштасып кетіп бара жаттық. Сол кезде қызымыз жылай бастады. Бізді ата-анасындай көретінін сол сәтте түсініп, жүрегім жібіп сала берді", - дейді Кити.

Оливия ес білетін жасқа жеткенінде өз елін көруге құштар болды. Ата-анасы қызының бұл қалауын орындау үшін арнайы Қазақстанға келіпті.

Тағы оқыңыздар: Сәкен Майғазиев: Шақалақтардың шыңғырғаны құлағымнан кетер емес

"Маған Қазақстан қатты ұнады. Ата-анам мені алып кеткен балалар үйіне де барып қайттық", - дейді Оливия.

Оливияның ата-анасы Эфиопиядан да бір баланы асырап алған. Ерлі-зайыпты екі баласына да өз отаны туралы айтып беріп отырады.

"Ағаш тамырсыз өсе алмайды", - дейді олар.

Қазақстан бүгінде жасы 30-дан асқан шетелдіктерге бала асырауға рұқсат береді. Дегенмен шетелден асырап алушылар күн санап азаюда. Соңғы төрт жылда Еуропа мен Канада елдерінен қазақстандық баланы асырап алғандар саны 125 қана болған. Ал соңғы 20 жылда 9 мыңнан астам бала шетелден жаңа ата-анаға ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1605996-francuzdar-asyrap-alghan-kishkentay-qa.html