RU

Көшедегі халықты сабырға шақырған Исекешов желіде жұлдыз болды (видео)

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов 2 қыркүйек күні елордадағы "Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылыс нысанында орын алған төбелес кезінде тұрғындарды сабырға шақырып, оқиға орнына келді деп хабарлайды NUR.KZ.

Күллі қазақстандықтарды дүрліктірген оқиға кезінде ашуға мінген жігіттерге басу айтып, сұрақтарына жауап берген әкімнің видеосы желіде жарияланған.

Жан-жағынан қаумалаған қарапайым халықты тыныштандырып, болған жағдайдың анық-қанығын түсіндірген Исекешов "бәрі жақсы" екенін айтады.

Тағы оқыңыздар: Сыртқы істер министрі Мьянмадағы мұсылмандардың жағдайына қатты алаңдап отыр

"Біздің күзетшілер мен үнділердің арасында кішкене... конфликт болды. Қазір бәрі жақсы", - деген әкімнің "қазақшасына" желідегілердің көңілі толмаған.

"Өз ана тілінде әрең сөйлеп тұр", "Ештеңе түсінбедім", "Әсет аға, қазақ тілін үйреніңіз", "Қазақша сөйлегенін бірінші рет көріп тұрмын", - деп жазды пікір қалдырушылар.

Естеріңізге сала кетсек, 2 қыркүйек күні кешкісін "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңының бақылау-өткізу бекетінде күзет компаниясы қызметкерлері мен Үндістаннан келген жұмысшылар арасында жанжал туындады. Жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған.

Орын алған қақтығыстан кейін оқиға орнында қоғамдық тәртіп бұзған 40-тан астам адам полицияға жеткізілді. Олардың сегізі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қалғандары профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен соң босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1606460-elordadaghy-durbelenh-kezinde-isekesho.html