RU

Түйенің зәрімен емделген алматылық жігіт аяқ асты қайтыс болды

Алматылық 28 жастағы Біржан есімді азамат ішегіне түскен қатерлі ісіктен түйенің зәрімен емделемін деп ажал құшқан деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Марқұм медицинаға емес, халық еміне сеніп,  уақытылы дәрігерлерге көрінбегендіктен ауруын асқындырып алған. Аталған қайғылы оқиға жайлы марқұмның жары айтып берді.

 «Жолдасым ішінің ауырып жүргенін алғаш рет сәуір айында айтты. Сосын барлық жерге қан талдауын өткізіп, мамыр айында ғана ішегінде қатерлі ісіктің бар екенін білдік. Дәрігерлер «қорқудың қажеті жоқ, алты курстық химиялық терапия алған соң аяғынан тұрып кетеді» деді. Жолдасым тек екі курсты өтіп, сосын түйенің зәрімен емделді. Жарнаманы ғаламтор желісінен тауып, 10 күн бойы түйенің сүті мен зәрін ішіп, өзін жақсы сезініп жүрген. Алайда, 25 тамыз күні анасының үйіне өзі көлігін айдап барып, бір ұйықтап тұрған соң денсаулығы күрт қиындап кетті. Бес күн төсек тартып ауырып, көз жұмды»,- дейді марқұмның әйелі.

Тағы оқыңыздар: Астанада Ұлттық қауіпсіздік қызметінің капитаны жоғалып кетті (фото)

Аталған қайғылы оқиғаны Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инститының басшылары да растады. Айтуларынша,  шалғайда тұратын көптеген азамат ауруы асқынғанда келіп "түйенің зәрімен, сүтімен емделдім" дегенді айтады екен.

«Қазақстанда жылына орта есеппен 39 000 адам онкологиялық ауруға шалдықса, соның тең жартысы көз жұмады. Қайтыс болғандардың басым көпшілігі біздің институтқа келіп қаралғанға дейін өз бетінше халық емін жасап, еш нәтиже болмағандарын мойындайды. Олардың жиі қолданатын әдістері: түйенің зәрі, керосин, майды спиртпен араластырып ішу сынды ем-дом. Онкологияның кейбір түрлері жеңіл болып есептеді. Яғни, ол «оң нәтижелі»деп аталады. Мұндай қатерлі ісікке шалдыққандар өте сирек және олар тез жазылады. Осындай азаматтар "халық емін жасап жазылып кеттім" деп ойлап, ел-жұртқа жарнамалайды. Ал оған сенген науқастар дәрігерге көрінудің орнына сол халық дауасымен емделуді жөн санап, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады»,- деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының ғылым жөніндегі орынбасары Дәурен Әділбай.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде зират жерін бизнеске айналдырғандар тұрғындардың ашуын келтірді

Ғалым: Түйенің зәрін сатушылар - алаяқтар

Онкологиялық ауруларды зерттеуге 12 жылын жұмсаған ғалым осы уақытқа дейін халық емінен жазылған бір адамды кездестірмегенін айтты.

«Ғылыми тұрғыда да, медициянада да өз бетімен емделіп жазылған азамат туралы тіпті естімеппін. Біздің институт жыл сайын онкологиялық ауруды емдеудің жаңа әдістерін іздеп, түрлі жиындар өткіземіз. Сол түйе зәрімен емдейтін орталық басшылары неге бізге келіп, осы институтта жатқан науқастарға өздерінің әдістерін ұсынбайды? Себебі олар өздерінің алаяқ екенін біледі.  Медицина бойынша түйенің зәрі онкологияны емдейді деген дәлел жоқ. Менің ойымша, қалалық денсаулық басқармалары әрбір өңірде ашылып жатқан осындай жекеменшік онкологиялық орталықтарды тексеріп, емделушілермен түсіндірме жұмыстарын жасау керек. Тағы бір айтары, олар адамдарды жаппай емдеу үшін лицензияны қайдан алды? Заңды құжаты болмаса құзырлы орган не қарап отыр? Осы мәселені ертерек қолға алу керек»,- деді Дәурен Ғалымұлы.

Естеріңізге сала кетсек, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Алматы облыстарында түйе өсіретін шаруашылықтар арнайы орталықтар ашып, қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарды түйе зәрі мен сүтін араластырып беріп, емдеп жатқаны жөнінде бұрында жазған болатынбыз.

Жанына шипа іздеген азаматтар тіпті түйенің зәрі үшін таң сәріден кезекке тұрып, айлап ішіп жатқанын шарушалық басшылары да мақтан етіп айтқан еді. Ал, дәрігерлер болса елімізде онкологиялық аурудың барлығын емдеу тегін екенін ескертті.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1606635-tuyeninh-zarimen-emdelgen-almatylyq-zh.html