RU

Санжар Мәдиев қасиетті нысандар туралы көркем фильм түсіруді ұсынды

30, 31 тамыз күндері Атырауда мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында "Sarayşiq.Upgrade 2017" халықаралық жастар форумы өтті. Оған кинематография, экология, медицина салаларының белгілі тұлғалары қатысты,-деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.

Форум жұмысына 150 делегат қатысты. Олардың қатарында жас режиссерлер, операторлар, дəрігерлер, экологтар, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, жас таланттар, студенттер мен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Ресейдің шекаралас облыстарының белсенді жастары бар.

Форумда сценарист, режиссер Асқар Бисембин, эколог Лаура Мəлікова, ҚР Денсаулық министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шəріп, актер Санжар Мəдиев сынды басқа да танымал адамдар ой-пікірлерін ортаға салды.

Форум аясында қатысушылар Атырау облысының қасиетті орындарына барды. "Қазақстанның киелі жерлер географиясына" енген Сарайшық қалашығына саяхат жасады.

-Бұл аядай жерінің өзі ата-баба тарихынан сыр шертетін ғажайып орын,- деп əсерімен бөлісті актер Санжар Мəдиев. -Сарайшық қалашығы жеті бірдей ханымыздың мəңгілік мекені, кинематографтар үшін өте қызықты орын. Мен осы жердің тарихы туралы көркем фильм түсірудің бастамашысы болар едім.

Форум қатысушыларымен кездесуде Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев мұндай шараларды өткізудің жас мамандар үшін маңызды екенін айтты.

-Жастар үшін өз саласының білгірлерімен кездесу ой-өрістерінің кеңейіп, жаңа идеялармен шабыттануына жол ашады,-деді аймақ басшысы. -Мұндай шаралар облыста жыл сайын дəстүрлі түрде өтеді. Мемлекет басшысы жастарды елдің қоғамдық өміріне тартудың маңызына əркез назар аударып келеді. Тəуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы болашақ үшін қажет жақсы қасиеттерді бойларына сіңіріп өсулері керек.

Форум үш бағытта жұмыс істеді: кинематография, экология, медицина. Шара аясында жастар экология, медицина жəне киноиндустрия салаларының белгілі тұлғаларымен ашық алаңда ой бөлісіп, өз кеңістіктерін ашып, жастық жігерлерін көрсетуге мүмкіндік беретін əлеуетті тапсырыс берушілер мен инвесторлармен кездесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1606659-sanzhar-madiev-qasietti-nysandar-tura.html