RU

Ақтөбеде зират жерін бизнеске айналдырғандар тұрғындардың ашуын келтірді

Ақтөбенің тұрғындары марқұмдарды жерлейтін жер таппай отыр. Өйткені жергілікті әкімшілік қала маңындағы зираттардың барлығын жекенің қолына беріп жіберген көрінеді деп хабарлайды 31 арна.

Ал бейіттерден бизнес жасамақшы болған кәсіпкер болса жер мен жерлеу рәсімдеріне өз бағасын белгілеп қойыпты. Енді жаңа қожайынның талабы бойынша тұрғындар бір адамды жерлеу үшін кәсіпкерге 100 000 теңгеден астам ақша төлеуіміз керек дейді.

Жақында ғана жарынан айырылған Зәру Әбуова ауылдың шетіндегі зираттың жері жекеге өтті дегенді естігенде талып қала жаздадым дейді. Марқұмдар жатқан молаларға тиіскені шектен шыққандық деп есептейді.

"Егін егетін жерді сатсын, үй салатын жерді сатсын, басқа қожалықты сатсын. Енді мына моланы, азғантай жерді бізге бұйыртпағаны не болғаны сонда. Ол қалай болғаны. Ол қандай адам, сатып жатқан қандай адам, сатып алып жатқан қандай адам? Ертеңгі күнді ойламай ма? Осы кісілер құсап олар да топырақтың астына көміледі, сол уақытта осы жүз мыңның сұрауын қайдан табады?", - деп күйінді Қурайлы ауылының тұрғыны Зәру Әбуова.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда депутаттан зорлық көрдім деген бойжеткен жанайқайын жеткізді

Жерді сатып алған жаңа қожайын ауылдың тұрғындарына өзінің ақылы қызмет түрлерінің тізімін таратып беріпті. Бұл жерде жерді алғаны және қазып бергені үшін 70 000-нан 75 000 теңге аралығында, ал тасын қалап, үйін тұрғызғаны үшін 100 000-нан 110 000 теңге аралығында ақы көрсетіп қойған. Бейіттен бизнес жасамақшы болған кәсіпкердің жаңа талаптарынан енді ауылдың халқы шошынып отыр.

Зират жекеге өткенше жұрт жерлеу үшін де тек 5000 теңге төлеп келдік дейді.

"Қарсымыз біздер бұған. Жерді бизнес қылғаны не деген масқара. Аулаға көмеміз енді. Бақшаның жері бар, енді балаларымызға соны айтамыз. Иә болмаса бір шелек бензин алып, өртеп, Үндістан секілді топырағын суға лақтыра ма?", - дейді Қурайлы ауылының тұрғыны Мәриям Хайруллина.

"Ауыл шетіндегі бейіттің жекеге өткендігін жергілікті әкімшілік растап отыр. Айтуларынша, тек бір ғана ауыл емес, қала бойынша 50 зираттың жеріне тендер өткізіп, жеке серіктестікке бес жылға жалға берілген. Ал халықты шошытқан жаңа бағалар қайта қаралады деп отыр", - дейді өзге тұрғын Тұрақ Жанасаев.

"Ауыл тұрғындарымен жиналыс болды. Содан наразылықтарын білдірді осы баға жөнінде, басқасы жөнінде. Соны қайта қарастыруды мойындарына алып кетті. Қайта қарап, өздерінің шешімдерін айтатын болады", - дейді Қурайлы селолық округі әкімінің орынбасары Аманбек Шалабаев.

Ал ауыл тұрғындары бағаға ғана емес, зиратқа қатысты жердің жалпы жекеге өткеніне түбегейлі қарсы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1607125-aqtobede-zirat-zherin-bizneske-aynald.html