RU

Шымкенттік судьяны директордан қысым көрген мұғалімнің "адамдары" қорқытып кеткен

Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты 38 мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова түсірген шағымды қарап жатыр деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Жәбірленушілер соттан Гүлжан Сәлімбаевадан «ар-намыстарына тигені үшін моральдық шығын өндіруді» сұраған.

Айыпталушы мұғалімнің Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваны куәгер ретінде сотқа шақыруын сұраған талап-тілегінен соң оның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова соттан үзіліс жариялауды сұрады.

Тағы оқыңыздар: Елімізде доллар бағамы тағы да көтеріліп кетті

Үзіліс кезінде Гүлжан Сәлімбаева мен оның сенімді өкілдері Еңбекші аудандық соты төрағасының міндетін уақытша атқарушысы Светлана Шынәлиеваның қабылдауына кірді. Онда айыпталушы тарап 18 тамыз күні судья Қайрат Ізбасаровтың «сот отырысы кезінде өзіне белгісіз адамдардың Гүлжан Сәлімбаеваның атынан келіп, шешімді айыпталушының есебіне шешіп беруін айтып қорқытқанын хабарлағанын» жеткізді.

«Бұл – өте күрделі мәселе. Біз судьяның бұл мәлімдемесіне таң қалдық. Қазір судьяның да, айыпталушы Гүлжан Сәлімбаеваның да өміріне қауіптенеміз», - деді Маржан Аспандиярова.

Айыпталушы тараптың шағымын жарты сағаттан астам уақыт тыңдаған Светлана Шынәлиева олардан арызды қағаз жүзінде тапсырғаннан соң қарайтынын айтты.

Тағы оқыңыздар: Сағынтаев: Үлкендер тендер ойнап жатқан кезде, балалар қиналып жүр

Үзілістен соң басталған сот отырысында Маржан Аспандиярова судьядан өзіне жасалған қысым туралы пікірін сұрады.

«Маған істі Сәлімбаеваның есебіне шешіп бересің деп қорқытты. Мен бәрі заң шеңберінде шешіледі деп жауап бердім», - деді судья Қайрат Ізбасаров.

Содан кейін Гүлжан Сәлімбаева іс құжаттарының қазақша аударылған толық нұсқасы әлі күнге берілмегенін хабарлады. Оның сенімді өкілдері іс құжаттарының қазақша аударылған нұсқасымен жәбірленушілер танысып, қол қойып беруін сұрады. Судья Қайрат Ізбасаров мұндай талап заң аясына сыймайтынын айтты. Айыпталушы тараптың қорғаушысы іс құжаттарының қазақша нұсқасын сұрау арқылы айыпталушы тарап істі қарауға кедергі етіп жатқанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1607306-shymkenttik-sudyany-direktordan-qysy.html