RU

Отбасындағы қайғыны көтере алмаған Айсұлтан Назарбаев есірткіге әуестенгенін айтты

Ел президентінің желіде белсенділігімен танылған немересі Айсұлтан Назарбаев кезекті жазбасын жариялап, өміріндегі ең ауыр сәті туралы әңгімелеп берді. Ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында оқырмандарына жан сырын ақтарды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қатты ауырып, қатерлі дерттен қалай айыққанын жазған Айсұлтан елді шынайы болуға шақырды. Оның айтуынша, ол әлеуметтік желідегі парақшасын ашқан кезде оқырмандарына тек шындықты айтамын деген ойда болған. Айсұлтанның пайымдауынша, жалған сөйлеу - бұл өмірдегі ең қауіпті тұзақтардың бірі.

"Жастайымнан мұны түсініп өстім. Өмірім сондай болды. Мен өте қауіпті дерттен емделген адаммын. Алла сізді және жақындарыңызды ондай аурудан сақтасын. 

Тағдырым маған бірден екі ауыр сынақты бастан кешіруді жазды. Атам, академик Мұхтар Әлиевтің өмірден озғанына бір жарым ай толар-толмастан австриялық түрмеде әкем Рахат Әлиев асылып өлді. Бұл маған ауыр соққы болды. Елдің бәрі бақытқа шомылған бай баласы деп танитын Айсұлтан қайғыдан шөгіп қалды.

Тағы оқыңыздар: Ел күткен жаңалық: Қайрат Нұртас жылдар бойы жасырған әйелін қалай таныстырды? (видео)

Мен дәл сол сәтте жаныма маза бермеген осындай ауыр қайғыны ұмыту үшін бәрін жасауға дайын болдым. Отбасым қолдау көрсетуге тырысты. Әсіресе, атам Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қолдады.

Елбасы күндіз 17 миллион адамның проблемасымен бас қатырса, кешке немересіне көңіл бөлді. Сол кезде оның мен үшін қанша күшін, денсаулығын, қуатын жұмсағанын толықтай түсінбегенмін. Сондықтан болар, есірткіден жұбаныш тауып, әлсіздік таныттым", - деп бұған дейін ешкімге айтпаған сырын айтты Айсұлтан.

"Нашақорлық - бұл әлеуметтік проблема. Ал нашақор үшін бұл нағыз дерт. Бастапқыда өмірің түрленіп, проблемалардан құтылғандай, алда тек жақсылық күтіп тұрғандай көрінеді. Бірақ бұл тек басы ғана. Аз уақыттан соң есірткі бүкіл ағзаны ауруға душар етеді. Кейбірі тіпті өліп кетеді. Сондықтан адам бойында үрей пайда болып, ел не дер екен деген қорқынышқа тап болады. Менің отбасымды да сондай үрей айналып өтпеді.

Алайда, Аллаға шүкір, мен маңызды қадам жасап, атама бар шындықты айтып бердім. Басқа президент болса проблеманы жылы жауып, одан қашқақтар ма еді, кім біледі? Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев емес.

"Шыныңды айтқаныңа рахмет. Күрделі дерт. Бірақ оған шалдыққан жалғыз сен емес. Оны жеңіп шығуға ерік-жігерің жетеді", - деді ол. Мен атама бұл дертті жеңуге уәде бердім. Ал ол болса, "Айсұлтан уәде берсе, ол сөзінде тұрады", - деген"

Тағы оқыңыздар: Жоғары жалақыны армандаған қызылордалық қыздар сексуалды құлдыққа түсе жаздады

Сонымен бірге Айсұлтан бұл өзекті проблеманы шешу үшін қайырымдылық қорын ашу туралы ойын да ашық айтты.

"Мен тығырықтан шығар жолды таптым. Алла көмектесті. Есірткіні қолданып көрген жандар менің айтып отырғанымды түсінер еді. Бұл тұста кінәлілер жоқ, тек есірткінің құрбаны болғандар ғана бар. Бірақ менің бір білетінім: нашақорлықпен күресу керек, бірақ осының салдарынан ауру болғандармен күресу - қылмыс".

"Тек  қана сөзбен емес, іспен әрекет еткім келеді. Осы тұрғыда ойым көп, нашақорлықпен күрес жөніндегі қайырымдылық қор ашылып жатыр. Қазір шын мәнінде тиімді жұмыс істей алатын тәжірибелі мамандарды іздеп жатырмыз. Бұл дертке шалдыққандардың әрбіріне көмектескім келеді. Себебі оларды жақсы түсінемін", - деді ол.

"Мен үшін бұл шайқас қиынға түсті. Өз өзіңмен күресу, таңдау жасау: жеңіліп, тып-тыныш өле қалу немесе ерік-жігеріңді жинап, өмір сүру үшін барыңды салу. Нағыз ішкі джихад. Бақытымызға қарай, түнектен соң күн шығады", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1607505-aysultan-nazarbaev-buryn-sonhdy-eshkim.html