RU

Анасы 30 балгерге барса да қымбат джипке мініп кеткен ақтөбелік жігіттен әлі хабар жоқ (фото)

Ақтөбелік Райхан Есенаманованың баласын шарқ ұрып іздеп жүргеніне бір айдан асып барады. Базарда қарбыз сатып тұрған жерінен көлікке мініп кеткен Ерханнан әлі күнге хабар жоқ. Түнімен есік жаққа еліріп, күні бойы базар мен полиция жақты жағалап жүрген ана Aktobenews.kz-ке басынан өтіп жатқан жайтты айтып берді.

«Бүгінге дейін 30 шақты балгерге бардым. Барлығының айтатыны: балаң тірі, кеудесінде жаны бар, тек әлсіз екен», - дейді Райхан Есенаманова.

Айта кетейік, Ерхан Тілеуімбетов базарда қарбыз сатып тұрған жерінен қымбат көлікке мініп кетеді. Содан бері одан хабар жоқ.

«Тәртіп сақшылары көліктің нөмірі камераға көрінбей қалыпты дегеннен танбай отыр. Неге бір нөмірге жабысып қалғанын түсінбеймін. Меніңше, полиция дұрыс әрекет етіп отырған жоқ. Әйтпесе, хабар болуы керек қой. «Көлік жүргізушілері «мазамызды алдыңдар» деп тәртіп сақшыларына ренжиді екен. Полицейлер маған солай деп отыр. Неге басқа амалын қарастырмасқа? Базарда басқа да көліктер болды, олардың нөмірлері көрініп тұр. Адамдар жүрді ғой, неге тексермеске?!», - дейді көз жасын әрең ұстап отырған ана.

Тағы оқыңыздар: Қадыров мұсылмандардың өлімі үшін Ресейге де қарсы шығатынын мәлімдеді

Райхан Есенаманова екі немересін ертіп күнара базарға барады. Ондағы ойы — базарда тұрғандардың біреуі болмаса, бірі кішкентайларды көріп, жолған Ерхан туралы хабар айтар деген үміт.

«Зелло Ақтөбе» парақшасындағы жігіттермен де байланыстым. Егер балама қатысты дерек болса, жоғалған адамдар туралы білсеңдер, маған хабар айтып отырсын дегенмін. Өткенде «Қазақстан» кинотеатрының алдында түн жарымында жап-жас жігіт жалаңаш жүр екен. Сау адам киімсіз жүрмейді ғой. Жүріс-қимылы менің баламдыкіне келетін сияқты. Бас жағы көрінбейді. Ірілеу екен. Бәлкім, басынан ұрып, ісіріп қойған шығар деген ой да келді. Видеоға түсірген жігіттермен сөйлестім. Видеоны полицияға жеткіздім. Тағы бірде көшеде тапа-тал түсте жалаңаш жатқан жігіт туралы естіп, ұшып бардық. 30-35 жас шамасындағы жігіт екен. Менің балам емес екен», - дейді Ерханның анасы.

Райхан Есенаманова бір рет түсіне ұлының кіргенін айтады.

«Атамыздың үйінде жүр екенбіз. Балам киініп жатса керек. Киінбей тұра тұр, жуынып алсаңшы дегенмін. Онымен, Ерхан үйге барған соң жуынамын деп жауап қатты. Болды. Одан кейін түсіме кірмеді. Есесіне, түнімен есік жаққа елеңдеп отырамын. Тұтқасы сықыр еткен сайын балам келіп қалған шығар деп еліріп жатамын», — дейді әйел.

Тағы оқыңыздар: "Әбу-Даби Плазадағы" елді дүрліктірген қақтығыс шын мәнінде қалай болды?

Немерелерінің әкесін тағатсыздана күтіп жүргенін айтқан Райхан апай қолында бар суреттерді көрсетті. Анасы баласының тірі оралатынына сенімді. Дегенмен, осы күнге дейін оны ешкімнің бағып-баптап отырмағанын да айтады.

«Кім болса да оған зәбір көрсетіп отыр. Жағдай жасап отырмағаны белгілі», — дейді Райхан Есенманова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1607869-anasy-30-balgerge-barsa-da-qymbat-dzhipke.html