RU

Сәкен Майғазиев қазақ жігіттерін үнділік азаматтарға тиіспеуге шақырды (фото)

Астана қаласындағы "Абу-Даби Плаза" құрылыс нысанын салып жатқан үнділік жұмысшыларымен болған қақтығыстан кейін халықтың оларға ашулы екені белгілі. Осы орайда әлеуметтік желілерде көшеде жүрген үнділік азаматтарды ұру керектігін жазған жандарды Сәкен Майғазиев сабырға шақырып, ұлтаралық қақтығыс туғызбауды сұрады.

"Аса құрметті қызу қанды қазағым! Иә, "Малым жанымның, жаным арымның садақасы" деген қасиетті xалықпыз. Дер кезінде жұмылып жұдырық бола білетін батыр ел екенімізге еш ұлттың күмәні жоқ шығар. Әлеуметтік желілердегі: "Үндістерді көшеден көрсек сабаймыз", "Жұма намазға келетін үндістерді де "сындыру" керек" деген жаңсақ пікірлерді көзіміз шалып жүр. Сабырға келейік. Адамның жаманы болса да, ұлттың жаманы болмайды", -дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Күйеуінен ажырасқан Алтынай Жорабаева қымбат сағаттарды жарнамалап жүр (фото)

Әнші ұлтаралық шиеленіс туғызбай, жат елде жүрген қандастарымызды да ойлайық деді.

"Атам қазақ айтпап па еді, "Бір биеден ала да туады, құла да туады" деп. Бір маскүнем үндіс үшін ұлтаралық шиеленіске шырмалмауға шақырам. Біздің де қандастарымыздың төрткүл дүниенің төрінде "тайраңдап" жүргенін естен шығармайық. Дана xалық екендігімізді тағы бір мәрте дәлелдейік", -деді ол.

Еске салсақ, өткен жексенбі күні Астанадағы "Абу-Даби Плаза" құрылысын салып жатқан үнділік азаматтар мен қазақстандық күзетшілер арасында қақтығыс орын алып, арты үлкен төбелеске ұласқан болатын. Осы жайтқа қатысты бүгін еліміздің Ішкі істер министрі түсініктеме беріп, елді дүрліктірген қақтығыстың қалай орын алғанын айтты. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1607989-saken-mayghaziev-qazaq-zhigitterin-und.html