RU

Әділетсіздікке күйінген Ақтөбе тұрғыны кеудесіне тергеушінің есімін тіліп жазып қойды (фото)

Ақтөбеде ер адам полицейлердің әрекетіне күйініп, кеудесіне тергеушінің есімін тіліп жазып қойды. Бауыржан Өңірзақ төбелестің куәгері ғана болса да, темір торға қамалған. Бұл туралы Timeskz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.

25 маусым күні таңғы уақытта Strike түнгі клубының маңында бір топ адам төбелес шығарады. Олар бір-біріне пышақ сермеуге көшкен.

"Менің күйеуім де осы клубта демалып жүрген. Ол төбелесті көріп жігіттерді сабырға шақырмақ болды. Бейнежазбада Бауыржан төбелесіп жатқандарға араша түсіп, тоқтатуға тырысып жүргені байқалады. Олардың кейбірі пышақ сермеп жатты. Видеода күйеуімнің ешкіммен төбелеспегені анық көрінеді. Тек бір сәтте ғана өзіне пышақ ала жүгірген жігітті итеріп жіберген жайы бар", - дейді Арина Нығманова.

Жанжал барысында екі адам пышақ жарақатын алған.

"Екі күннен кейін мен смс арқылы күйеуіме іздеу салынғанын білдім. Мен бірден мұны Бауыржанға айтып, екеуіміз адвокат Зәуір Мәмедовқа жүгіндік... Полицейлер күйеуім қашып жүрмегеніне көз жеткізуі үшін Бауыржанды ІІД-ге алып кетті. Олар күйеуіме "сен істе куәгерсің, сені төбелеске күдікті деп танымады" деген болатын", - дейді Нығманова.

Алайда ІІД-де Бауыржанды сол беті жібермей, уақытша оқшаулағышқа қамап қойған.

"Күйеуімді екі ай бойы темір торда ұстады. Сол уақытта ешқандай тергеу болмады. Күйеуімді құтқару үшін әлеуметтік желілерде жаза бастадым, қалалық прокуратураға жүгіндім, тіпті бас прокурорға Астанаға бармақ болдым. Бұл дегенің адам құқын аяқ асты ету ғой. Енді жұрт өзі түрмеден бір-ақ шықпас үшін өзгеге көмектесуден қорқуы тиіс пе?", - деп күйінді Нығманова.

Тағы оқыңыздар: Сивимен соттасқан журналист әншінің "өтірігін" елге жайып салды

Қамауға алу мерзімі аяқталуға шақ қалғасын тергеушілер оны тағы бір айға созбақ болады. Арина күйеуімен кездесіп, бұл туралы айтып береді.

"Мен эмоцияма ие бола алмай, қатты жыладым. Ал келесі күні Бауыржанның аштық жариялағанын білдім: ол су мен тамақтан бас тапрыпты. Одан бөлек кеудесіне "Менің қазама тергеуші Картименовті кінәлі деп біліңіздер" деген жазбаны тіліп жазған екен. Оны өзгелерден оқшаулап, жағдайды ешкім шешуге тырыспады", - деп есіне алды Нығманова.

28 тамыз күні аштық жариялаған Өңірзақ үш тәулік бойы су да, тамақ та ішпеген. Ер адамның жағдайы нашарлап, 30 тамыз күні сот отырысы жарияланды.

"Судья Алданов істі оқығаннан кейін онда шикіліктің көп екенін түсінді. Ол шу шығарып, көптің көзінше прокурорға айқайлады. Бірден Өңірзақты үйқамаққа босатуды талап етті. Біз оны үйге алып кетіп, күйеуім біртіндеп ес жинай бастады. Аштықты доғарды. Ал кеудесіндегі терең тіліктер жазылып келеді. Алайда тыртық өмірінің соңына дейін қалмақ. Судьяға әділетті шешім қабылдап, күйеуімнің өмірін құтқарып қалғаны үшін рақмет", - дейді Нығманова.

Күйеуімді бір айға ұйқамаққа жіберді. Бауыржанға үйден шығып, журналистермен сөйлесуге тыйым салған.

"Дүйсенбі күні отырыста істегі жалғыз зардап шегуші Бауыржанның оған пышақ сермемегенін, қайта араша түскенін айтты. Бейнежазбаны Алматыға сараптамаға жіберді. Күйеуімнің қолында пышақ болмағанына көз жеткізбек. Мұның бәрін адамды аштыққа итермелемей еретерек шешуге болар еді", - дейді Арина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1608635-adiletsizdikke-kuyingen-aqtobe-turgh.html