RU

Жұбайымен ажырасқан отандық жұлдыздардың өмірі қалай өзгерді?

Танымал жандардың жеке өмірі үнемі жұрт назарында жүреді. Олардың арасында отбасымен ажырасып, қайта қосылып, бірнеше рет тұрмысқа шығып жатқандары да бар. NUR.KZ порталы бүгін жұбайымен ажырасқан отандық жұлдыздардың өмірі қалай өзгергенін айтады.

Еліміздегі ең танымал продюсердің бірі Баян Есентаева жары Бақытбекпен ажырасқаннан кейін,  белді кәсіпкер Тұрсын Алагөзовпен көңіл қосқанын мәлімдеді. Баян бірінші күйеуінен Тұрсынды сүйіп қалғаны үшін кеткенін талай сұхбатында ашық айтты. Бүгінде қос ғашық түрлі түсірілім алаңдары мен кештерде бірге жүреді.

Ақбота Керімбекова жуырда үшінші рет тұрмыс құрды. Бұған дейін екі некесі сәтсіз болған әнші өзін қатаң сынаған көпшілікке "әркімнің бақытты болуға құқы бар екенін" мәлімдеді. Ақбота өз бақыты үшін күресуден жалықпайтынын да айтты. Жас жұбайлар тойға дейін Грузия еліне бал айына барып келді.

Актер Дәурен Айдарқұлов  үш бала тәбиелеп отырған бірінші жарымен ажырасып, "Кешью" тобының экс-солисті Ақбота Сейітмағамбетпен шаңырақ көтерді. Атышулы қос жұлдыз бүгінде Ибрахим есімді бір ұлдың ата-анасы.

Тағы оқыңыздар: Дана Нұржігіт бірінші күйеуімен неге ажырасқаны туралы ашық айтты

Актер Сәбит Әбдіхалықов бірінші әйелі Айгүл Иманбаевамен ажырасқаннан кейін, екінші рет әнші Алтынай Жорабаевамен шаңырақ көтерген. Төрт қыз тәрбиелеп отырған Сәбит пен Алтынай өткен жылы отбасылық кикілжіңге байланысты айырылысып кетті. Ал Сәбиттің бірінші некесінен бір ұлы бар.

Ел алдында жүрген үш бірдей өнер иелері әлі де сахнадан алыстаған емес. Сәбит Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімлерге арналған театрдың бас директоры болса, Айгүл мен Алтынай әншілік өнерлерін жалғастыруда.

Журналист Асхат Садырбай мен әнші Ерке Есмахан дәм-тұздары жараспай, ажырасып кеткен жұлдызды жұп. Олардың ортақ бір ұлдары бар. Асхат бүгінде екінші рет шаңырақ көтерді.

Ерке болса өзінің сүйіктісін еліміздің түкпір-түкпірінен әнге қоса іздеп жүргенімен, отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында  етегінен ұстар азаматын әзірше жолықтырмағанын айтты.

Кезінде "Шашы ұзын қыз" деп әндетіп, талай арудың жүрегін жаулаған Мұрат Қожа бірінші жарымен ажырасқаннан кейін, екінші рет шаңырақ көтерді. Әншінің екінші некедегі жары жуырда қыз босанды.

Президент оркестрінде өнер көрсететін офицер -лейтенантқа тұрмысқа шыққан Мәдина Сәдуақасова көп өтпей бірінші жарымен заңды түрде ажырасады. Көпшілік оларды орталарында бала болмаған соң тарасып кетті деп жатты. Біраз жылдан кейін Мәдина өз бақытын қайта жолықтырып, Олжас есімді жігітпен екінші рет отау құрады.  Олжас пен Мәдинаның Әнуар есімді ұлдары бар.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева ортақ екі балалары бар бірінші күйеуінен ажырасқаннан кейін, екінші рет шенді қызметкер әрі Таэквандо федерациясының президенті Шамсат Исабековке тұрмысқа шықты. Өзінің екінші жары туралы ашып айта бермейтін ақын, отбасына қатысты мәселені құпия ұстағысы келеді.

Тағы оқыңыздар: Артур Төлепов көпшілікке шетелдік қалыңдығын көрсетті (фото)

Бірінші некесі сәтсіз аяқталған танымал жанның бірі - Нұрлан Әлімжан. Талай уақытқа дейін шаңырағының шайқалғанын жасырып келген әнші екінші рет отбасын құруға асықпайтынын айтты. Ол әншілігі мен актерлық кәсібін қатар алып, өнер әлемінде өз соқпағын жалғастыруда.

Өмірлеріне өзгеріс енгізуден қорықпайтын өнер жұлдыздары "әр адам өзінше бақытты болуға лайық!" екенін көрсетуде.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1608779-zhubayymen-azhyrasqan-otandyq-zhuldyzd.html