RU

Алматының алтын тісті қайыршылары басшылары туралы бар шындықты айтты (фото)

Алматы облысының полицейлері жүргізген  «Қайыршы» профилактикалық рейд барысында елімізге заңсыз кірген бірнеше мигранттарды ұстады деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Тіленшілікпен жан бағып жүргендерді барлығы дерлік Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген кірмелер.

Әйгілі «Алтын орда» базарындағы садақа сұраушыларды тексеруге баратынымызды тек полицейлер мен журналистер ғана білген еді. Бірер күн бұрын ғана толып жүрген тіленшінің бәрі тәртіп сақшылары келгенде қашып кеткен.

Базарды он айналып қайыршыларды таппаған соң «Алтын орда» маңындағы ауылға қарай жол тарттық. Расында да, даңғыл көшенің ортасындағы ағып жатқан көліктерге қарамай хиджап киген тіленшілер шиеттей балаларын сүйреп басы ауған жаққа қарай қашып жатыр.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда жетім қызды 150 мың теңгеге сатып жіберген жігіт сотталып кетті

Әбден қулыққа үйренген кірмелер қастарына полицейлер барса болғаны жерге жата қалып «Аттандап» жылайды немесе өтірік есінен танып қалады. Ал, қашу жағына келгенде аяқ кимін лақтырып тастап, жиырмадағы жігіттерге жеткізбейтін жүйріктігіне сөз жоқ.

Рейд барысында қолға түскен келіншектерді сөзге тарттық. «Бар шындықты айтсам Өзбекстанға жер аудармайсыңдар ма?» деп өзінің талабын қойған әйел  "люлилардың" көсемінің қарындасымын деп таныстырды.

«Менің ағам – Барон. Екі әйелі мен 15 баласы бар. Қарасай ауданындағы Абай ауылында тұрады. Жалпы «Алтын орда» базарына екі Барон қарайды, бірінде үш әйелі мен 17 баласы бар. Сол екі Баронның қарамағында 25 әйел және жүзге жуық бала бар. Біз Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген мұсылман люлимыз. Қайыршылық қанымызда бар ата кәсіп»,- деді Истода Ебудулаева.

Алысқа қаша алмай,  полицейлердің құрығына түсіп қалған Айбек Әдбиев болса жасы 12-ге толса да әлі мектепке бармағанын айтты.

 «Менің әкем - Барон. Басынан соққы алып ауырып жатыр. Біз бір анадан алты баламыз, ал басқа әйелдерінен туған балалар оннан асады, нақты білмеймін. Алты бауырымның екеуі егіз кішкентай қыздар. Ал, төрт ұл күн сайын анамызбен бірге базарға келіп садақа сұраймыз. Күніне әрқайсымыз 1500-3000 теңгеге дейін тауып, ақшаны әкемізге береміз. Сол шешеді қайда жұмсау керектігін», - дейді Айбек Әдбиев.

Тағы оқыңыздар: Қарағандылық ана екі жасар ұлын үйінде емдеймін деп өлтіріп ала жаздады

Истода люли халқының әр мемлекетте жүрсе де, өз заңдарымен өмір сүретінін айтып берді. Ұл балалар 12 жасқа толғанша анасына еріп садақа сұрауға міндетті. 12-ге толған кезде ол үй иесі атанып, әкесімен бірге үйде қалады. Ер балалар жастары 16-дан асқан кезде үйленуге рұқсат алады,  әрине қалыңдық пен қаражат тапса егер.

«Бізде қыздар 15-16 жастарында көңіл жарастырған жігітпен қашып кетеді. Ал, "отырған қыздар" деп 20-ға келгендерді айтады. Оларды әйелі өлген немесе Барондарға екінші әйелдікке береді. Қыздар тұрмысқа шыққан кезде күйеулері алдыңғы төрт тісін жұлып, алтын салып беруге міндетті. Бұл - оның үйлену тойына арнаған сыйлығы.

Біз мұсылман болғандықтан, әйелдер сақтанбайды, ең кемі алты алды он үштен бала туады. Еркектердің барлығы жұмыс жасамайды. Олар балалардың құжатын реттеу, үй шаруасы  секілді кішігірім тірлікпен айналысады. Жалпы отбасыны әйел мен балалар қайыр сұрап асырайды, бұл біздің салтымыз десек болады», - деп түсіндірді люли келіншек.

Көшеде мүгедек болып қайыр сұрап жүрген еркектер де люлилар. Олар расымен де үй шаруасына жарамсыз болғаннан кейін садақа сұрауға көшеге шығады. Көшеде туып, далада өскен люлилардың арасында адам өлімі өте көп. Бірін көлік қақса, балалары жағдайдың жоқтығынан жиі шетінеп кетеді екен.

Люлиларда әйел қауымының барлығы балиғат жасына толған соң бастарына орамал тағып жүреді. Ал, хиджап кигендері тақуалықтан емес садақаны көп жинау үшін ойлап тапқан әдістері екен.

Десе де, мұсалмал люлилар намаз оқымаса да жылына бір рет ораза ұстайтындарымен мақтанды. Ал, Ресей жеріндегі люлилар жан бағу үшін христиан дінін қабылдап өздерін "сығандармыз" деп таныстырады екен.

«Тәжікстанда, Өзбекстанда да жұмыс жоқ. Алматыда халық мейрімді ғой. Халықтың көңіл күйі болса біз аш қалмаймыз. Құрбандықта көп ет жедік. Әйелдер ұзын көйлек киюге міндетті. Ал, хиджапты кейбір әйелдер жақсы садақа жинау үшін киеді. Діншіл адамның барлығы тиындарын соларға береді десе болады. Ал мен садақа сұрап жүріп бала еміземін,  маған ол киім ыңғайсыз»,- дейді Истода.

Тағы оқыңыздар: Бір жыл бойы клиенттерден ақша ұрлаған банк қызметкерінің қылмысы әшкере болды

Садақа сұраушылар полицейлерден неге қашатынын да айтып берді.

"Біздің құжаттың барлығы Баронда. Қазір жеке куәлігім болмаса полицей алып кетіп қамап, елге қайтарады. Балаларды да басқа жаққа әкетеді. Біз күнделікті ақша тауып, соған ғана жан бағып жүргендерміз. Егер бір күн садақа сұрамасақ аш қаламыз. Сондықтан да полицейлерден қашуға тура келеді"

Тәртіп сақшылары болса люлилардың еңбектеген балаларының өзі тіленшілікке жақын келетінін байқаған.

"Заң бұзғаны үшін біз оларды полиция бөлімшесіне апарамыз. Сол кезде бір жастағы балаларының өзі кабинеттерді аралап қайыр сұрап кетеді. Қандарында бар кәсіп қой. Тілі шықпағандары "ақша бер" дегенді ымдап көрсетіп, алақанын жайып тұрып алады. Люлилар еш уақытта балаларын тастамайды. Полиция бөлімшелерін аралап, құжаттарын әкеліп балаларын босатып алады ", - деді Қарасай ауданының балалар инспекторы.

Люли халқы туралы ел арасында аңыз бар. Соғыс кезінде ағайынды кішкентай Лю есімді ұл мен Ли есімді қыз жетім қалып, жан бағу үшін ел аралап қайыр сұрапты. Арада бірнеше жыл өткенде осы екі қайыршы кездесіп бір-бірін танымаған соң отбасы құрған екен. Кейін шындықтың беті ашылғанда бір анадан туып ерлі-зайыпты болғандарға молданың қарғысы тиіп, олардан тараған ұрпағының барлығы қайыршыға айналған деседі.

Ал, люлилардың біразы  бұл аңызбен келіспейді. Жұмыстың жоқтығынан садақа сұрауға мәжбүрміз деп ақталады. Барлық люлиды «қайыршы» деп айту дұрыс емес шығар. Наурызбай ауданында төрт люли азаматы келісім шарт бойынша көше тазалығында еңбек етеді.

Кейбір жағдайы барларының балалары мектепте оқиды. Бұл - люлилар үшін үлкен жетістік. Себебі, олардың 90 пайызы мектеп табалдырығын аттамаған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2016 жылы Қазақстанға 48 607  Тәжікстан азаматы, 1 миллион 59 мың өзбектер келген. Солардың нешеуі тіленшілік үшін шекара асқаны белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1608850-almatynynh-altyn-tisti-qayyrshylary-ba.html