RU

Қанат Исламның Астанадағы жекпе-жегіне қандай киім киетіні белгілі болды (фото)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның 9 қыркүйек күні канадалық Брэндон Кукке қарсы жекпе-жегіне киетін киім үлгісін таныстырды деп хабарлайды Vesti.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ. 

Жаңа киім үлгісі боксшының Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды. Киім аспан түстес көк түсте жасалып, алтын түспен боксшының лақап аты мен оюлар салынған. Әрі бокс кешінің серіктестерінің логотиптері жапсырылған.

9 қыркүйек күні өтетін жекпе-жекті QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Кездесу Астана уақытымен 19:50-де басталады. 6 қыркүйекте сағат 13:00-де республикалық «Сарыарқа» велотрегінде жарыста өнер көрсететін қазақстандық боксшылардың қатысуымен кеңейтілген баспасөз мәслихаты өтеді. Жиынға осы күнге дейін ешкімнен жеңіліп көрмеген қос боксшы – Қанат Ислам мен Брэндон Кук және олардың промоутерлері қатысады.

Еске сала кетейік, Ислам — Кук жекпе-жегі 9 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Айтулы былғары қолғап шеберлері сол кеште бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқалары бойынша чемпиондық атақты сарапқа салады. Сондай-ақ осы жекпе-жектің андеркартында қазақстандық 8 боксшы шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы, Димаш Ниязов және Руслан Жанабаев сынды саңлақтарымыз шаршы алаңға шығып, жарыс көрігін қыздырады. Отандастарымыз әлемнің беделді боксшыларымен күш сынасады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен «Халықаралық арнайыландырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастыруға демеушілік жасағандар: «Астана EXPO-2017»,  Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқаты қоры, Астана қ. әкімшілігі, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы, «QAZAQ Promoutions», «Nelson Promoutions » және «Raynelo management» промоутерлік компаниялары, «BI Group», «Базис А» және «Mabetex Group» құрылыс компаниялары, «Qazaqstan» мен «Qazsport»  телеарналары, сондай-ақ «NUR.KZ» ақпараттық порталы.

  Тағы оқыңыздар: Астаналықтар ЭКСПО аяқталарда 200-300 мыңның бұйымдарын жанталасып алып жатыр (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1609198-qanat-islam-astanadaghy-zhekpe-zhegine-k.html