RU

Қанат Ислам: Бір-бірімізді сынамай, ел үшін жұмыс істейтін уақыт келді

Қазақ боксының жарық жұлдызы Қанат Ислам алдағы жекпе-жегінің Астанада өтетініне қуанышты екенін айтып, қазақстандық жанкүйерлерді бокс додасын тамашалауға шақырды. Бұл туралы ол жекпе-жек алдында өткізілген баспасөз-мəслихатында мəлімдеді.

"Жекпе-жектің өз елімізде өтетініне өте қуаныштымын. Бұл тəуелсіздіктің, елбасымыздың арқасы деп ойлаймын. Бұл - мен үшін үлкен абырой. Мұның артында елдіктің, тәуелсіздіктің туы тұр деп ойлаймын. Сол үшін əрбір жекпе-жек мен үшін өте маңызды. Неге? Өйткені менің қазақстандық жанкүйерлерім бар.

Қазір тəуелсіздіктің абыройын көтеретін, елім-жерім дейтін азаматтар жұмыс істейтін уақыт. Бір-бірімізге сын айтатын емес, нағыз ел үшін жұмыс жасайтын уақыт келді деп санаймын", - дейді былғары қолғап шебері.

Сонымен бірге, боксшы алдағы жекпе-жекте кімнің жеңіске жететінін алдын-ала болжап, мақтанудың қаламайтынын айтып, мұндай "қылық" біздің ұлтқа тəн емес қасиет екенін жеткізді.

  Тағы оқыңыздар: Қанат Исламның Астанадағы жекпе-жегіне қандай киім киетіні белгілі болды (фото)

""Менің айтқаным болады, жеңіс менде, осындай раундта құлатамын", - деп айту біздің ұлтқа тəн емес жəне жалпы өзім мақтанып, алдын ала болдам жасағанды ұнатпаймын. Бірақ бірінші немесе соңғы раунд болсын əр түрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан спортта көңіл-күй жағынан болсын немесе тəжірибе тұрғысынан болсын, барлық жағынан тас-түйін дайын болуың керек.

Жаман-жақсы жағын да ойлау қажет. Себебі ол - спорт, ол - бокс. Қарсыласың көшеден келген біреу емес, ол да өзіміз сияқты 10-20 жыл спортта жүрген адам болғаннан кейін барлық жағынан дайын болуың шарт. Сол үшін 24 кездесудің барлығына қалай дайын болсам, осыған да солай дайынмын жəне тарихтағы ең жақсы жекпе-жектерімнің бірі болады деп санаймын", - дейді Қанат Ислам.

Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Мэни Пакьяо, Мигель Коттолармен жекпе-жекке шығуға дайын екенін жеткізді

"Пакьяо, Коттолармен шығасың десе мен дайынмын. Мен боксқа бүгін-кеше келген спортшы емеспін. Ең мықтылармен кездесіп, оларды жеңбесеңіз мықты болмайсыз. Осы жолғы қарсыласым да жеңілмеген. Оны осал деп айта алмаймын. Осыдан кейінгі, осы жарыс болсын барлықты қарсыластарға дайынмын", - дейді ол.

Боксшыдан алдағы жекпе-жектері жайлы сұрағанымызда, алда жоспарлары көп екенін, тек аталған жекпе-жектен кейін ғана ол туралы мəлімет беретінін айтып, қысқа қайырды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен «Халықаралық арнайыландырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастыруға демеушілік жасағандар: «Астана EXPO-2017»,  Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқаты қоры, Астана қ. әкімшілігі, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы, «QAZAQ Promoutions», «Nelson Promoutions » және «Raynelo management» промоутерлік компаниялары, «BI Group», «Базис А» және «Mabetex Group» құрылыс компаниялары, «Qazaqstan» мен «Qazsport»  телеарналары, сондай-ақ «NUR.KZ» ақпараттық порталы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1609280-qanat-islam-bir-birimizdi-synaytyn-em.html