RU

Мәжіліс депутаттары білім грантын әділ бөлмеген шенеуніктердің жазалануын талап етті

Білім гранттарын әділ бөлмей, талапкерлерді шулатқан шенеуніктердің жауапқа тартылуын депутаттар да талап етті. Өйткені, Білім министрлігі грант иелерін әлі қабылданбаған заң бойынша анықтаған дейді мәжілісмендер. Енді халық қалаулылары талапкерлерді шатастырғандар шетінен жазалансын деп отыр деп хабарлайды Ктк арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ұлттық тестілеуден жоғары ұпай жинаса да, тегін білімнен құр қалғандардың жырын депутаттар бүгін қайта қозғады. Мәжілісмендер грант дауына дер кезінде араласар едік, демалыста болдық дейді. Олар әсіресе, парламент әлі қарап, талқылап жатқан шикі заң жобасына сүйеніп, мемлекеттік грантты бөліп берген Білім министрлігіне қатты ашулы.

"Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім грантын тағайындау кезінде конкурстық комиссиясы қолданыстағы заңды басшылыққа алмай, енді ғана дайындалып жатқан заң жобасына сілтеме жасап, шешімін неге өзгертті? Бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілді?",- деді Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов.

Тағы оқыңыздар: 19 жастағы ақтөбелік жігіттер телефон мен әмиян үшін такси жүргізушісін өлтіріп кеткен

Сондай-ақ, мәжілісмендер жылда түлектердің зәре құтын қашыратын ҰБТ-ға балама емтихан енгізуді ұсынды. Өйткені, қаншама талантты, білімді жастар тесттен бас тартып, шетелдерге кетуде дейді депутаттар. Биыл 40 мың түлек білім іздеп Еуропа, Қытай, Ресей асқан.

Басынан дау арылмаған Білім министрлігіне енді талапкерлердің ұпайын қайта есептеуіне тура келетін сияқты. Өйткені, ұзақ демалыстан шыққан депутаттар бұл жанжалды түбегейлі шешпей қоймаймыз деп отыр. Егер үкімет халық қалаулыларының сөзіне құлақ асса, грант иелерінің қатары әлі артуы мүмкін.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1609678-elimizde-bilim-grantyn-adil-bolmegen.html