RU

Көкшетауда қоқыс арасында ұйықтап жүрген балалар адам шошырлық күйге түскен

Көкшетауда қоқыс арасында ұйықтап жүрген балалар әлі сабаққа барған жоқ. Тіпті бейімдеу орталығына даладан жеткізілген ағайынды үшеу денсаулықтарына байланысты тапсырған сараптама қорытындысы дайын болмайынша оқуларын да бастамайды деп хабарлайды 31 арна.

Ал төрт баласын қараусыз қалдырған жалғызбасты ананы қазір ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр. Бірнеше күннен бері нан мен жабайы алманы қорек етіп, қоқыс арасында түнеп келген бір жанұяның балаларының бейімдеу орталығында жеткізілгендеріне бір аптаға жуықтаған. Тәрбиешілер балаларды жуындырып, тазартып, қалыпқа келтіріп қойыпты.

"Балалар мұнда аш әрі лас күйінде жеткізілді. Тіпті үстері биттеп кеткен. Олар ұзақ уақыт бойы жуынбай далада жүргенге ұқсайды", - дейді Ақмола облысы бейімдеу орталығының директоры Қайрат Темірбаев.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында әкім орынбасарынан таяқ жеген кәсіпкер күтпеген жерден күдіктіге айналды

Көкшетаудағы №17 мектепте Александра алтыншы, Камила төртінші, Ярослав екінші сыныптың оқушылары. Десе де, олар биылғы жылы оқуға әлі барған жоқ.

"Қазіргі таңда балалардың денсаулықтарына байланысты сынамалар тапсырылды. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін, балалар №8 мектепке баратын болады", - дейді Ақмола облыстық білім басқармасы қамқорлық және қорғау бөлімінің басшысы Наталья Степанова.

Бұған дейінгі оқыған мектепте оқушылар мектеп тарапынан тегін тамақ пен керек оқу құралдарымен қамтамасыз етілген екен. Жазды күні лагерьге де барған.  Бұлардан өзге отбасында бір жастағы кішкентай ұл бар. Қазір ол өкпесі қабынғандықтан ауруханада жатыр.

"Оның жасы бір жас, үш ай. Бізге жеткенде салмағы бес келі 300 грамм болды. Бұл жаста салмағы 11 келі болу керек", - дейді Ақмола облысы балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лариса Бложко.

Айта кетейік, бұл оқиға  өткен аптада әлдекімнің телефонға түсірген бейнесінен басталған болатын. Онда қала сыртындағы гараждардың бірінде сегіз жастағы қыздың інісімен  ұйықтап жатқандығы түсірілген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1609825-kokshetauda-qoqys-arasynda-uyyqtap-zhu.html