RU

Анасын тілдегеніне қарамастан күйеуін кешіруге дайын келіншек көпшіліктен ақыл сұрады

Күйеуінің ішімдікке тойып алып, қайын енесін тілдейтінін кешіруге дайын келіншек көпшіліктен ақыл сұрады. Әлеуметтік желідегі "Әйел құпиясы" паблигіне хат жазған желі қолданушысы анасы мен күйеуінің ортасында қалып, біржақты шешім қабылдауға қорқатынын жеткізді.

Алғаш рет 19 жасында тұрмысқа шығып, бала болмауы себепті бес жылдан соң ажырасып кеткен әйел екінші рет басқа жігітпен неке қиған.

"Екеуміз бірге небір қиын-қыстау замандардан өтіп едік. Тіпті екеуміз де жұмыссыз қалып, барарға үйіміз, ішерге асымыз болмай қиналғанда да бір-бірімізге демеу болғанбыз. Бірқатар достарым мен құрбыларым сатқындық пен опасыздық жасап кеткенде қасымнан табылған жалғыз жан сол еді. Ол жігіттің бойында барлық жақсы қасиеттер бар, тек соның барлығын ішімдікке деген қызығушылығының басымдығы жоққа шығаратыны ішімді удай ашытады. Ішіп алып қол көтергендігін де, тіпті көзіме шөп салғандығын да кешірген едім, әттең, осыдан үш-төрт күн бұрын анама айтпағаны қалмады. Анамды тілдеп, мені де бұзылған әйелдердің қатарына жатқызып, тіптен айтуға ауыз бармайтын сөздермен тойдырып кеткен еді. Ертеңінде ол : "Ішіп алсам басым істемей қалады, кешірші, сенсіз өмір сүре алмаймын, керек десең анаңнан да кешірімді өзім сұраймын",- деді. Жүрегімді тыңдасам, кешіріп бірге өмір сүрген дұрыс сияқты",- деп шерін ақтарады келіншек.

Алайда анасы оған егер күйеуімен қайта табысса, одан бас тартатынын айтқан.

Тағы оқыңыздар: 2018 жылдан бастап дәрiнi бекiтiлген бағадан қымбат сатуға тыйым салынады

"Енді онымен қосылсаң мен сенен бас тартамын, сені қызым деп есептемеймін", - деген соң кеше қоңырау соққан күйеуіме жауап бере алмай қиналған едім. Алланың алдында да, сүйікті жанымның алдында да арым таза. Ол жігіттің мені сүйетініне сенемін және менде ол жігітті қатты сүйемін. Тіпті бес жыл тұрған жолдасымнан кеткенде де, осынша қиналмаған екенмін. Сүйемін, бірақ, бір жағынан анамның сөзінен қатты қорқамын. Таразының оң жағында - анам, сол жағында яғни, жүрек тұсымда сүйген жарым тұр. Не істегенім, кімді таңдағаным дұрыс болар екен? Сүйіктіме тағы бір мүмкіндік бергенім дұрыс па? Ондай жағдайда анама қалай қарсы шығам? Онсыз өмірге қалайша үйренемін? Онымен өткізген тәтті күндерім мен түндерімді қалай ұмытамын? Өтінемін, маған ақыл қосыңыздаршы. Жүрегім тулап қатты қиналып отырмын....", - деп кеңес сұрайды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1611460-anasyn-tildegenine-qaramastan-kuyeu.html