RU

Маңғыстау облысында үшем дүниеге келді (фото)

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында үшем дүниеге келді. Жаңылхан Айтуова сәбилерін облыстың перинаталдық орталығында 16 тамыз күні босанып, аяқ-қолын аман-есен бауырына алды деп жазады 7292info.kz.

Қазір үшемдер мен ананың жағдайы жақсы. Бұдан бұрын да балалары бар Айтуовтар отбасы бірден көп балалы жанұя атанды. Үшемге Мұхаммед-Әли, Әбдурахман және Әзима деген есімдер берілген. Дүние есігін енді ашқан нәрестелерді отбасының үлкендері перзентханадан 29 тамыз күні шығарып алған.

Жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келген үшемнің әрқайсысының салмағы 2,2 келі. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде үшемнің ЭКО әдісі арқылы дүниеге келген деп талқылауда. Алайда Жаңылхан Айтуова балаларға табиғи жолмен аяғы ауырлағанын айтады.

Жағымды жаңалықты естіген қала әкімі үшемнің ата-анасын құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Әкімшілік тарапынан үшемнің әрқайсына бесік арба сыйланып, қаржылай көмек көрсетілді.

Тағы оқыңыздар: Жас қыздарша билеген мінсіз мүсінді "Алтын алқа" иегері көпшілікті тәнті етті (видео)

"Қала әкімі мен бірқатар бөлім басшыларына біздің отбасымызды құттықтап келіп жатқанына алғыс айтқымыз келеді. Балаларымызға ақ тілектерін арнап, сыйлықтарын ұсынғанынан қала басшылығының жұртшылықпен байланысының мығым екендігін байқадық. Нақысбек шешен кезінде "Елдегіні ерге береді, ерге бергенде терге береді" – демеп пе еді? Бұл дегенің сүйенішің күшті болса, сүйек жұтсаң да қақалмайсың деген сөз ғой. Ал халықтың негізгі сүйеніш, тіреуіші – елім деп соққан адал жүрек иелері. Осылайша, елдің елдігі ерінен болады деп кесіп айтуға да болар еді. Айта кетер бір жайт, осыған дейін еліміздің кейбір аймақтарында дүниеге келген үшемдердің отбасына үй берілген деген хабарды құлағымыз шалған болатын. Бізге де үй берілуі қажет деп әлеуметтік желіде қала тұрғындары пікір білдіріп жатыр. Алайда әкімшілік тарапынан қазіргі тұрып жатқан үйіміздің алаңын үлкейтіп, басқа шағынаудандардағы көп бөлмелі пәтерлерге ауыстырып берсе деген тілегіміз бар", – дейді үшемнің анасы.

Бұл тілекке әкімшілік тарапынан барған мамандар көп балалы отбасы ретінде тұрғын үй қорынан үй алуға тіркелу керектігін айтты. Бүгінгі таңда қалалық перзентханада 2775 бала өмірге келсе, 34-і егіздер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1611661-manhghystau-oblysynda-ushem-duniege-kel-2.html