RU

Алматы әкімі бала сүйе алмаған 300 отбасына бақыт сыйламақ (фото)

Алматыда Репродуктивті медицина институты жаңа "ЭКО" орталығын ашты. Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек тұрғындарға жақсы жаңалығымен бөлісті деп хабарлайды sn.kz.

Аталған клиника жылына үш мың отбасыны қабылдай алады. Алайда, жасанды ұрықтандыру әдісінің қымбат болуынан көпшіліктің оған қолы жете бермейді. Мәселен, ақшаның жоқтығынан алматылық 300 отбасы бірнеше жылдан бері кезегін күтіп отыр.

Мұны естіген Бауыржан Байбек қала бюджетінің есебінен аталған 300 отбасыға қаражат бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, әкім ЭКСО әдісі арқылы жүкті болған әйелдерге арнап бөлек перзентхана салу керектігін айтып, ол үшін жер бөлуге уәде берді.

Тағы оқыңыздар: Айбек Нұғымаров қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, "Əлем барысы" атанды (фото)

Клиника заманауи қондырғылармен жабдықталған. Репродуктивті медицина институты директоры Тамара Жүсібәлиеваның айтуынша, клиника көрсететін медициналық қызметтер шетелдікінен еш кем түспейді, бағасы да аса қымбат емес. Ал, дәрігерлердің біліктілігі мен Қазақстан заңдарының қолайлы болуы шетелдік туристердің ағылып келуіне жағдай жасмамақ.

Репродуктивті медицина институтына бір ғана АҚШ-тан 75 адам келіпті. Солардың бірі 43 жастағы Вера Смифф. Ол бұған дейін ЭКСО арқылы үш рет бала көтермек болған екен. Алайда, барлығы да сәтсіз аяқталған. АҚШ-та қызметтің осынау түрі 20 мың доллар тұратынын айта кету керек. Ал, қазақстандық дәрігерлер оның бала көтеруіне көмектесіпті.

"Мен Қазақстанға келіп жүкті болдым. Бақыттан басым айналып, көзіме жас келеді. Менің ойымша, Қазақстандағы, оның ішінде Алматыдағы медициналық туризмнің болашағы өте зор. Көрсетілетін қызмет түрінің бағалары АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бұл саланың дамуы үшін қазақстандық дәрігерлердің де біліктілігі мен тәжірибесі жетерлік. Жалпы, Алматы қаласы өте ұнады, қазақтың тағамдары өте дәмді екен. Өмір сүруге өте қолайлы қала", - дейді Вера Смифф.

Клиникада бүгінде 60 қызметкер жұмыс істейді. Ал, орталықтың мақтанышы - гинеколог-репродуктолог Ләззат Айтқожина. Ол шарана пайда болған кезден-ақ генетикалық ауруларды анықтай алатын аса білікті маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1612047-almaty-akimi-bala-suye-almaghan-300-otbas.html