RU

Алматыда бір топ жігіт алып қашқаннан соң қаза болған қыздың туыстары жанайқайын жеткізді

«Тілеугүл Қуаныштың өліміне қатысты тергеу сылбыр жүріп жатыр». Алматыда сегізінші қабаттан құлап қайтыс болды делінген студенттің қырқын берген туыстары осылай дейді. Марқұмның жақындарын қыздарының өлімінің себебін анықтап жатқан тергеушілердің жиі ауыса беруі алаңдатып отыр деп хабарлайды 31 арна.

"Алатау аудандық ішкі істер бөлімінде болған. Одан кейін Алматы қаласының ІІД ауыстырды. Ол кезде екінші тергеуші болды. Енді үшінші тергеуші ауысты. Ешқандай медициналық сараптамалар дайын болған жоқ. Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көңіліміз толмай, күмән туындап жатса, жеке өзіміз тәуелсіз сараптамамен жеке шығамыз", - дейді Тілеугүлдің нағашы әпкесі Жұлдыз Бұзауқызы.

Тағы оқыңыздар: Қарағанды дәрігерлері бір отбасының өмірі үшін арпалысып жатыр

Естеріңізде болса, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бірінші курсын бітірген бойжеткеннің өлі денесі, алдымен анасына өзін бір топ жігіттің алып қашып бара жатқанын жазып, кейін жеңгесіне соңғы хабарлама қалдырғаннан кейін табылған болатын.

Алайда, Алматы полициясы қыздың сегізінші қабаттан құлап, қайтыс болғанын айтып, қылмыстық іс қозғады. Бірақ қыздарының өз өлімімен қайтыс болғанына күмәнданған марқұмның жақындары, тергеудің сотқа жетуін тағатсыздана күтіп жүр. Алайда, әлі күнге дейін сот-медициналық сараптамасының қорытындысы әзір болмапты.

"Заң орны тергеп жатырмыз деген. Міне, 40 күн болды. Әлі бір жауап жоқ ешқандай. Бір-екі рет шақырып, бардық. 20 күнде дайын болады деген. Бір ай болды ғой. Қырық күн болды", - деп күйінді Тілеугүлдің әкесі Қуаныш Шәкірханұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1612357-almatyda-bir-top-zhigit-alyp-qashqannan.html