RU

Астанада "ЭКСПО" көрмесін тамашалаушылар саны күрт артып кетті (фото)

Ертең Астанада күллі əлем көз тіккен "ЭКСПО" көрмесі аяқталмақ. Осыған орай, көрмені тамашалаушылар саны да күрт артып, көрмеге келуші қонақтар павильондарға лек-легімен ағылуда. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Қала қонақтары "ЭКСПО 2017" көрмесін тамашалап қана қоймай, ондағы кəдесыйларды көптеп сатып алуда. Айтуларынша мұндай "эксклюзив" дүниелердің бағасы соңғы күндері арзандап, тұрғындарға қолжетімді бағада сатылып жатқан көрінеді.

"ЭКСПО-ға шілде айында келіп, барлық павильондарды тамашалап кеткенмін. Бүгін мына кəдесыйлар үшін келіп тұрмын. Мəселен, Үндістан павильонындағы мынадай кашемир бас орамалдар бар-жоғы 1000 теңгеге сатылып жатыр. Су тегін емес пе?", - дейді қала тұрғыны.

Сондай-ақ, соңғы күні павильондардың барлығында дерлік ұзын-сонар кезек пайда болып, қала тұрғындары кезекте тұрып, сөзге келіп қалу "ісі" көбейген.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО-ға келген мүгедек жандар сағаттап арба күтуге мəжбүр болған

"Павлодар қаласынан келіп тұрмын. Мына павильонның сыртында тұрған еріктілірге таң қаламын. Павильонның ішінде адам саны аз болса да, сыртта күттіріп қойғаны. Пəкістан павильонында болдық. Барлығы еш кезексіз кіріп жатыр. Ал, мында жоқ, бəрі керісінше, көрменің соңғы күні адамдарды сарғайтып кезекте күттіртіп қоймаса болады ғой", - деп өз ренішін білдірді шаһар мейманы.

Естеріңізге сала кетейік, ертең Астанада "ЭКСПО" көрмесі аяқталмақ. Көрмені бүгінге дейін екі миллионнан астам қазақстандықтар мен шетелдік туристер тамашалап үлгерген.

Тағы оқыңыздар: Айқын Жұлдыз Өмірғалиден бала сүйгенін жоққа шығармады (фото)

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1612572-ekspo-ny-korip-qalayyq-ta-elordada-ek.html