RU

Кезекті жеңіс: Жанқош Тұраров қарсыласынан басым түсті

Бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукпен қолғап түйістіреді. Бокс кеші сағат 18:00-де басталды. NUR.KZ порталы бокс кешінен жаңалықтарды онлайн режимде назарларыңызға ұсынады.

Бокс кешінде Қанат Исламнан бөлек Жанқош Тұраров, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Жәнібек Әлімханұлы, Димаш Ниязов, Айдос Ербосынұлы және Нұрсұлтан Жаңабаев секілді қазақстандық боксшылар сынға түседі.

Көрермендер бірте-бірте спорт кешеніне жиналуда. Жекпе-жектің басталуына санаулы минуттар қалды. Басты жекпе-жек - Қанат Ислам мен Брэндон Куктің жекпе жегі. Бұл Қанаттың кәсіпқой бокстағы 25-ші кездесуі. Қанат Ислам мен Брэндон Кук WBA Inter-Continental тұжырымындағы WBO NAB белдігіне таласады.

"Спортта жеңіс-жеңіліс қатар жүреді. Ал жеңісті армандай алмаған спортшы бокста жүрмей-ақ қою керек", - дейді сұхбаттарының бірінде Қанат Ислам.

Спортшы шетелде жиі тәжірибе жинақтап жүргеніне қарамастан, туған жерін қашан да бірінші кезекке қоятынын жасырмайды.

"Қай жерде жүрсем де мен өз елімсіз өмір сүре алмаймын. Менің өмірім, болашағым өз елімде", - дейді Қанат.

Ринг төріне Арыстанбек Мұхамедиұлы шақырылды.

"Кеш жарық, құрметті отандастар... Сіздерге, ұйымдастырып жатқан азаматтарға, Бауыржан Оспановқа үлкен рақмет айтқым келеді. Бәріңізге тек жеңіс, сәттілік тілеймін", - дейді Мұхамедиұлы.

Шаршы алаңға Бразилия өкілі Исмаил Буено мен қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов шықты. Бразилиялық 21 кездесу өткізіп, 15 жеңіс (оның 10-ы нокаутпен),  6 жеңіліс тапқан. Ал Мейірім 3 кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіске (оның 2-і нокаутпен) жеткен.

Мейірім алғашқы раунд басталғаны сол-ақ еді, мықты соққыларымен қарсыласын ринг сыртына бір-ақ шығарды.

Сүйінші, біздің боксшымыз Мейірім Нұрсұлтанов сөзсіз жеңіске жетті.

Рингке бразилиялық Эдуардо Перейро Дос Рейс пен Димаш Ниязов шықты.

Димаш 11 кездесу өткізіп, 8 жеңіс (оның 5-і нокаутпен), және үш тең түсуге қол жеткізген. Ал Эдуардо 26 кездесу өткізіп, 22 жеңіс (оның 18-і нокаутпен), және төрт жеңіліс тапқан.

Димаш екінші раундта жақсы соққы жасап, шамамен үш соққысын дарыта білді. Бесінші раундта-да боксшымыз белсенділік қосты. Соңғы алтыншы раундта Димаш оң қолымен керемет соққы жасап үлгерді.

Сүйінші, Димаш соққылар санының басымдығымен қарсыласын жеңді.

Шаршы алаңға Айдос Ербосынұлы мен аргентиналық Джонатан Геронимо Барбадилло шықты.

Джонатан 22 жеңіс (оның 14-і нокаутпен), 4 жеңіліс және бір тең түсумен көзге түссе, Айдоста 6 кездесу, 6 жеңіс (оның 5-і нокаутпен), жеңіліс жоқ.

Айдос Ербосынұлының қатты соққысынан кейін аргентиналық боксшы құлап түсті. Секундант сүлгіні лақтырып, аргентиналық спортшы жеңіліс тапты.

Шаршы алаңға Әли Ахмедов пен америкалық Томас Джастин Берил шықты. 

Әли 8 кездесу өткізіп, 8-ін толық жеңген (оның 6-ы нокаутпен). Ал Томас 20 кездесуде 18 рет жеңіске жетіп (оның 7-і нокаутпен), екі рет жеңіліс тапқан.

Екінші раундта боксшымыз жақсы соққысын дарытып, қарсыласы нокдаун алды. Әли төрт раундта да басымдығын көрсетті. Алтыншы раундта америкалық екінші рет нокдаун алды.

Жекпе-жек тоқтатылып, жетінші раундта қайта жалғасын тапты. Соңғы сегізінші раундта боксшымыз тағы жойқын соққыларын дарыта алып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Рингке Нұрсұлтан Жаңабаев пен бразилиялық Александро Дуарте шықты. Жаңабаев 2 кездесу өткізіп, 2 ретінде де жеңіске жеткен (оның 1-і нокаутпен). Ал Александрода 14 кездесу, 12 жеңіс (оның 9-ы нокаутпен), 1 жеңіліс 1, 1 тең түсу.

Спортшымыз бірінші раундта-ақ Александроны сұлатып түсіріп, айқын жеңіске жетті.

Келесі жекпе-жек кезегі аргентиналық Андрес Матиас Афранейл мен Руслан Мырзатаевта.

Андрес Матиас Афранейл 5 кездесудің бесеуін де жеңіспен аяқтаған (5-і де нокаутпен). Руслан болса, 3 кездесу өткізіп, үшеуін де нокаутпен жеңген.

Бірінші раундта Руслан екі жақсы соққы жасай алды. Екінші раундта да боксшымыз басымдығын көрсетті. Төртінші раундта жекпе-жек нокаутпен аяқталды. Русланның қарсыласы ауыр соққы алып, жеңіліс тапты.

Шаршы алаңға бразилиялық Жильберто Перейра Дос Сантос пен Жәнібек Әлімханұлы шықты. Солақай болып табылатын Жәнібек бұған дейін 1 кездесуін нокаутпен жеңген болатын. Ал Жильберто 19 кездесу өткізіп, 14-інде жеңіске жеткен (оның 10-ы нокаутпен), бесінде жеңіліс тапқан. Айта кетерлігі, бразилиялық қарсыласы Жәнібектен 16 жасқа үлкен.

Алғашқы екі раундта Жәнібек күмәнсіз басымдығын байқатты. Алтыншы әрі соңғы раундта Жильберто қанша тырысқанымен, қазақстандық боксшыға жойқын соққылар дарыта алмады. Жәнібек ұпай санымен басым түсіп, жеңіске жетті.

Сондай-ақ, жеңісті жолды Жанқош Тұраров та жалғастырды. Ол 10 раундқа созылған жекпе-жекте Жанқош аргентиналық қарсыласын ұпай санымен жеңді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1612593-bugin-qanat-islam-kanadalyq-qarsylas.html