RU

Түркия президенті: Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін

Қазақстан президенті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен 9 қыркүйек күні кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді. Бұл туралы NUR.KZ порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Қанша кездессек те көптік етпейді. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Түркия президентінің Қазақстанға жасаған бұдан бұрынғы сапары кезінде экономика саласына қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Тағы оқыңыздар: Қазақстанның бірнеше облысында қатты жел тұрады

Түркия президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

"Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанды Алматы қаласына барған сапарымда танып-білдім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өз үйімдей көремін", – деді Ердоған.

Түркия президенті өз елінің Қазақстанмен саяси, экономикалық, мәдени, әскери қатынастарды дамытуға күш салып жатқанын атап өтті.

"Бүгінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар шамасында. Әрине, бұл жеткіліксіз. Біз келіскендей, мақсатымыз – тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Түркия мен Қазақстанның әлеуеті оған жеткілікті",  – деді Түркия басшысы.

Түркия президенті биылғы 14 қыркүйекте Астанада өтетін Сириядағы жағдайға қатысты кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1613268-turkiya-prezidenti-qazaqstandy-ozimn.html