RU

Аты жоқ ауыл: Алматыда билік ұмытып кеткен ауылдың тұрғындары жанайқайын айтты (фото)

Алматының Қарасай ауданында қараусыз қалған халық бар. 400-ге жуық жанұя тұратын шағын ауылдың аты да жоқ. Су, жол, газ сынды коммуналдық қызметтен жұрдай. Ақ шаңның асты мен арам шөптердің арасында отырған ауылдың оқушылары мектепке бес шақырымдай жолды жаяу жүріп жетуге мәжбүр деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

Аты жоқ ауылдың балаларын ата-аналары бес шақырымдағы мектепке әкеледі. Арам шөптің арасындағы жабайы жол көлікке де, жаяу жүргіншілерге де ортақ. Шаңдатып мектепке жеткенше шаршап қалатын балаларының өміріне алаңдаған ел жолдың азабын бес жылдан бері тартып келеміз дейді.

«Автобус жоқ, такси жоқ. Бірінші кезекте жолды істесе. Былтыр 3-5 мың теңгеден жинап, халықтан өзіміз 20-30 камазбен төгіп шыққанбыз. Қалып кеткен Қарасай ауданындағы бір мемлекет сияқтымыз»,- деді Облыс тұрғыны, Талғар Керембеков.

Тағы оқыңыздар: Төсек қатынасында қандай әдеттерден аулақ болу керек?

Жұрт жол ғана емес жарыққа да жарымай отыр. Қураған шөп өртеніп, қолмен тартқан  электр сымдары жанып кете береді екен. Атауы жоқ елді мекенде 400-ге жуық жанұя болса, әр үйде кемінде үш баладан бар дейді Кемертоған ауылдық әкімдігінің өтірік уәдесінен көңілдері қалған халық.

«Батпақ су ішеміз. Оны тачкімен тасып әкелеміз. Осында келіп тіршілік жасаймыз, жұмыс істейміз деп едік, енді жұмыстан бұрын тек бала бағу ғана қалды. Таңертең екеуін, түстен кейін екеуін мектепке апарам», - дейді облыс тұрғыны, Нұрқанат Тұрсынқары.

Қаталаған ел бала-шағасымен қосып лай суды ішкеннен басқа амалы жоқ. Ауылға тек жеке компания газ тартып берген. Бірақ, қалтасы жұқа ел құны қымбат көгілдір отынды қостыруға қауқарсыз. Қараусыз қалған халыққа көмек беріп, олардың мұқтажын жоғарыға жеткізеді деген басшының сөзінен ұққанымыз осы.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО-ға келген мүгедек жандардың өкпесі қара қазандай болды

«Жол мәселесіне тоқталсақ, қазіргі уақытта ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер болғандықтан, жол салу мәселесі қарастырылмаған. Арыздарды қабылдап жіберіп жатырмыз. Біздің тараптан ешқандай кедергі жоқ әкімшіліктен», - деді Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары, Қайрат Смайлов.

Жағдайды реттей алмаса да жұмыстарына көңілдері тоқ басшылар тұрғындардың құжаттарын  реттеп жатырмыз дейді. Бірақ, баспана  құжатының басым бөлігі әкімдік емес, ХҚКО арқылы бітеді. Кезіндегі егіс алқабын жеке меншіктеп алған қожайыннан жер сатып алған елдің әлі қанша қиналары белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1613394-aty-zhoq-auyl-almatyda-bilik-umytyp-ket.html