RU

Сен мүгедексің: Ақтөбеде жүкті болып қалған жетім қызды сүйген жігіті алмай кетті

Ақтөбедегі «Аналар үйінде» тұрып жатқан Надежда Юрьева жағдайын жылап отырып айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Жүкті болып қалған 23 жастағы қыз Алға балалар үйінде тәрбиеленген. Өзі үшінші топтағы мүгедек. Ол бүгінге дейін  тігінші болып жұмыс істеп, пәтер жалдап тұрған. Босануға айы-күні жақындап тұрған ол баласының өз тағдырын қайталағанын қаламайды. Одан жігіті де, жігіттің шешесі де бас тартқан.

«Жігітіммен кездесіп жүрдік, үйіне қонаққа да барғанмын. Жүкті болып қалғанымды айтқанда, оның ата-анасы қарсы болып шықты. «Ұлымыздың мүгедек қызға қосылғанын қаламаймыз» деп бетіме айтты. Маған үйленбей-ақ та қойсын, бар тілегім - баласына көмектесіп тұрса екен. Жүктілік кезінде жұмыс істеу қиын болды. Қатты қиналып кетті. Кейін таныстарымның айтуымен орталыққа келдім. Одан кейін баламмен тұру үшін басыма баспана керек», - дейді Надежда Юрьева.

Тағы оқыңыздар: Желіде Мьянма басшысының өлтірілгені туралы ақпарат тарады

Надежда жігітімен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Таныстығына 3-4 ай болған адамнан жүкті екенін білгенде «ғашығы» әрі қарай кездесуден бас тартыпты.

Қазір Ақтөбедегі «Аналар үйі» орталығында баласын бауырына басқан сегіз жалғызбасты ана тұрып жатыр. Олардың тағдыры да әртүрлі. Оң жақта отырып от басқан қыздардан ата-аналары да, сүйген жігіттері де бас тартқан. Сүйген, сенген жігіті отбасылы болып шығып, сан соғып қалғандар да жоқ емес.

Үш жылдың ішінде Ақтөбедегі орталықта 102 ана баласын бауырына басқан. Орталық мамандары 40 жалғызбасты ананы тастап кеткен жігіттерімен табыстырыпты.

«Аналар үйі» облыстағы барлық перзентханалармен байланыста. Егер босанған әйел сәбиінен бас тартқалы жатса, онда жобаның координаторы жас анамен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1613558-sen-mugedeksinh-aqtobede-zhukti-bolyp-q.html