RU

Бекболат Тілеухан: Осы әліпбиді ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес

Бүгін Қазақстанның Парламенті мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханов осылай деді деп хабарлайды Baq.kz.

«Алға қойған міндеттердің бірі - жаңа әліпбиге көшу. Оны елбасы ұсынған. «Бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз. Оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деді мемлекет басшысы. Шынында да дайындалдық, ағайын. Осы нәрсенің түбі болатынын бәріміз жүрегіміздің түкпірінде біліп тұрдық. Және біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт бізді дайындады", - деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар Бекболат Қанайұлы енді латыншаға ауыспасақ кешігіп қалуымыз мүмкін екенін айтты.

Тағы оқыңыздар: Қазақ тіліне арналған 25 әріпті латын әліпбиі ұсынылды

"Қалта телефонымызға орыс тілінде келген СМС хабарлардың өзі латиницамен келеді. Осы күні "соткасынан айырылған адам, соскасынан айрылған баладан бетер" заман. Сол кезде келіп жатқан ақпараттардың легі бәрі латиницамен келгенде қажеттілік туды. Енді бұл қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ол – заман қажеттілігі. Бұдан бұрын бастасақ, ерте болып кетер еді. Енді кешіксек, кешігіп қалуымыз ықтимал. Өзі кез келген жаңа істің машақаты болады. Бірақ бұл соқыр тәуекел емес, ағайын. Мұның барлығы зерттелген, қоғамның талқысына салынған" - деді Бекболат Тілеухан.

Оның айтуына қарағанда, әліпби ауыстыру қазақ тарихында да, өзге елдерде де бар. Бірақ біз олардың бұл жолдағы тарихи қателіктерін қайталамауымыз керек. Бұған біздің елдің мүмкіндігі мол.

«Алдымызда әліпби реформасын жасаған елдердің үлгісі бар. «Реформа жасаймын» деп әңгімесін бұзып алған әзірбажан ағайындар бар. Қайта-қайта реформа жасап, өз елінде өгейдің күйін кешіп қалған өзбек ағайындар бар. Тілінің түндігі түріліп қала жаздаған түрікмен ағайын бар. «Қ»-сынан айырылып қалған түрік ағайындардың үлгісі бар. Ол қателікті жібермеуге бізде толық мүмкіндік бар. Ғылыми потенциал бар деп ойлаймыз. Жіті қырағылық керек», - деді Бекболат Қанайұлы.

Тағы оқыңыздар: Отандық журналист "қыз алып қашу" деген "жабайы ғұрыпты" жоюды ұсынды

Мәжіліс депутаты әліпби ауыстыру астананы ауыстырудан қиын шаруа емес дегенді айтады.

"Ал енді ағайын осы әліпбиді ауыстырған астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліпби ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес. 1929 жылы біздің арабикадан латиницаға ауысқан кезде бар болғаны ек-ақ жыл қажет болды. Көз қорқақ, қол батыр. Ең бастысы ниет керек", - деді мәжілісмен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1613841-bekbolat-tileukhan-osy-alipbidi-auyst.html