RU

Қазақстандық үш бойжеткен адам өлтіргіштердің арасында қалып қойды (фото, видео)

NUR.KZ оқырмандары редакцияның WhatsApp нөміріне (8747 535 12 98) қазақстандық үш бойжеткеннің жанайқайы жарияланған видео жіберді. Бойжеткендер адам өлтіргіштер жайлаған аралда қалып қойғанын айтып, көмек сұрады.

"Қыздар Сен-Мартин аралына тамыз айында жұмыс визасы арқылы барған. Аралға олар биші болып жұмыс істеу үшін аттанған. Төрт күн бұрын аралда алапат дауыл болып, олар қиын жағдайда қалды. Аралдың 95%-ын дауыл шайып кетіп, тұрғындар су, тамақ және жарықсыз қалған. Ал аралдың өзінде бұзақылар елді тонап, кісі өлтіріп, бойжеткендерді зорлап жатыр. Бойжеткендер жұмыс берушінің үйінде қамауда қалған. Оларға еріктілер келіп көмек қолын созуда. Олардың бірі орыс тілін жақсы меңгерген екен, сондықтан өз телефонын беріп, біз хабарламалар жазуға мүмкіндік алдық.

Олар Қазақстанның СІМ-мен хабарласып, жағдайды айтқан. Сәйкесінше СІМ Сен-Мартиндегі голландиялық тараппен байланысқа шықты", - деп жазады оқырман.

Аралда қалып қойған қазақстандықтардың есімі - Оксана Егорова, Юлия Власова, Ульяна Фарафонова. Олар жақындарына хабарлама жазып, қандай қиын жағдайда қалғанын айтуда.

"Апа, сәлем. Әзірге қауіпсіз жердеміз. Алайда жағдай мәз емес. Тамақ бітуге шақ қалды. Дүкендер жұмыс істемейді. Бұзақылар кісі өлтіріп, елді тонап жатыр. Сондықтан бізді қауіпсіз жерге көшіруді тезірек сұраңдаршы. Аралдың түгі қалмады. Қыздың телефоны сөнейін деп жатыр. Жарық жоқ. Біреуің ғана және қатты керек болған жағдайда ғана жазыңдар", - деп жазды олардың бірі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл жайттан хабардар екенін айтты.

"Біз толығымен жағдаймен таныспыз. Қыздардың Кариб алабында қалғанын да білеміз. Дипломаттарымыз осы бойынша жұмыс жасап жатыр", - деп түсіндірді СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.

Егер бізге айтар жаңалығыңыз болса, редакцияның WhatsApp +7 747 535 1298 нөміріне хабарласыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1613964-qazaqstandyq-ush-boyzhetken-adam-oltir.html