RU

Нартай Дүтбаевтың құпия ақпаратты кімге бергені сол күйі айтылмады

Сыр сақтай алмағаны үшін сотталды! Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасына үкім шықты. Нартай Дүтбаев енді 7 жарым жылын темір торда өткізуі тиіс. Өйткені, әскери сот генералға тағылған айыптар толық дәлелденді деп шешкен жеп хабарлайды КТК арнасы.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа үкім 24 тамызда шыққан. Соттың жабық өткені өз алдына, ақырғы шешімнің де, мейлінше жасырын ұсталғаны көрініп тұр. Ал атышулы генералға мемлекеттік құпияны жария еткені үшін былтыр желтоқсан айында қолына кісен салынған болатын.

Бірақ мемлекеттік құпияны таратты, қызмет бабын пайдаланды дегеннен басқа түк мәлімет жоқ. Оның үстіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасының аса маңызды ақпаратты кімге таратқаны белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда, оның қашқындағы банкир Мұхтар Әблязовпен байланысы болған. Не десе де, істі тергей келе фемида, Дүтбаевты кінәлі деп тауып 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

"Нартай Дүтбаев Қылмыстық кодекстің 172-ші бабы бойынша кінәлі деп танылды. Әрі «генерал лейтенант» шені мен мемлекеттік сыйлықтарынан айыру мәселесі қаралып жатыр. Оның үстіне мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды", - дейді әскери сотта.

Тағы оқыңыздар: Күдік пен үміт: Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына қатысты пікірлер қақ жарылды

Генералдың сыбайластары да жазасыз қалған жоқ. Ерлан Нұртаев 3 жыл 6 айға ал, Раис Мұратов пен Нұрлан Хасенов 5 жылға түрмеге жабылды. Соңғысы кезінде Италиядағы Қазақстанның елшілігінде лауазымды қызмет атқарған. Бұл үшеуіне де Дүтбаев секілді мемлекеттік құпияны жария етіп, қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын.

Нартай Дүтбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2001-2006-шы жылдар аралығында басқарған. Жалпы бұл арнайы қызметтің сотталған екінші экс-төрағасы. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетін екі рет басқарған, ал 2008 жылы "мемлекетке опасыздық жасады" және "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді" деген айыптар бойынша Әлнұр Мұсаев сырттай сотталған болатын. Қазір ол Австрияда бас сауғалап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1614326-qupiya-ukim-nartay-dutbaevtynh-qupiya-aq.html