RU

«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен Атырау облысындағы аудан орталығында аллея ашылды

Исатай ауданына қарасты Аққыстау елді мекенінде «Сазанқұрақ» атты жаңа аллея ел игілігіне пайдалануға берілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы басты бағыттардың бірі «Туған жер» арнайы жобасы бойынша биыл ауданда осындай екі жоба жүзеге асырылады деп хабарлайды Атыраулық облыстық аймақтық коммуникациялар қызметі.

Жиырма шаршы метр аумақты алып жатқан аллеяда ауданның өткен тарихы мен бүгіні туралы баяндайтын фотошежіре экспозициясы орналасқан. Аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімі, аудан аумағында орналасқан және осы аллеяны салуға атсалысқан мұнай-газ кәсіпорны "Сазанқұрақ" ЖШС басшылары, еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Алдағы уақытта ауданда «Туған жер» арнайы жобасы бойынша басқа да игі істер жүзеге асырылады. Солардың бірі, тарихи тұлғаларға ескерткіш белгілер орнату.

Жоба аясында Айбас құмында атақты күйші Д.Нұрпейісованың келін болып босаға аттаған және саналы ғұмырын өткерген «Шәпек» обасына белгі орнату жоспарланған. Бұл жұмыстар жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорындар, осы ауданнан шыққан азаматтардың демеушілігімен жүзеге асырылатын болады.

Туған өлке мен елге деген құрметті айшықтаған "Рухани жаңғырудың" аясында атқарылып жатқан жұмыстарға аудан тұрғындары дән риза.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1614858-rukhani-zhanhghyru-baghdarlamasymen.html