Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық орманшылар үш қабатты қамалдың мұрагерін іздеп жатыр (фото)

Опубликовано:

Алматы іргесіндегі Ақсай шатқалына Иван Плотников есімді тас шебері осыдан 40 жыл бұрын қолдан қорған тұрғызуды бастаған болатын. Жалғыз өзі ешқандай техниканың көмегінсіз өзен тастарымен үш қабатты қамалды көтеріп,  қамал шатқалға келген туристердің көзайымына айналған-ды. Жасы алпысты алқымдаса да жігері қайтпаған ақсақалдың туындысының жағдайын білу үшін NUR.KZ порталының тілшілері Іле Алатау ұлттық саябағына жол тартқан еді.

Тас шебері Иван Плотников 2016 жылдың қысында Алматыдағы пәтерінде дүниеден өтіпті. Иесіз қалған қамалды бізге көрсетіп қазіргі жайы туралы айтып беруге орманшы Болат Мұнасбаев  келісті. Себебі инспектор Іле Алатау саябағында 21 жыл жұмыс істеген және Иванды өмірінің соңына дейін жақсы таныған екен.

«Марқұм шалдың отбасы жоқ, өзі үйленбеген, жалғыз шешесі ғана болды. Шаңырақ көтеруіне осы қамал тұрғызсам деген арманы кедергі келтірген. Алматыдағы пәтерінде тұрып, көктемнен күздің қара суығы түскенше тас ғимарат ішінде түнеп жұмыс істеді. Тас қалауға таңғы сағат алтыдан кешкі сегізге дейінгі уақытын жұмсады.

Өте еңбекқор еді. Тастарды жалғыз өзі құз басына тасып шығарды, сосын оларды белгілі бір әдіспен бөлетін еді. Бірақ қандай да бір құрал сайман қолданбады»  деп еске алады орманшы.

Иван Плотников тас қамал салуды жеті жасында армандап, алғашқы сызбасын мектепте түсірген екен. Кейін ойын жүзеге асыру үшін 19 жасында есепшіге шабуыл жасап, кассир қызды пышақпен қорқытып 5 сомды қолды қылған. Артынша полиция қамауға алып,  сот кезінде ақшаны қамал салу үшін ұрладым деген сөзіне сенбеген судья Иванды жындыханаға емдеуге жатқызған. Екі жыл бойы мәжбүрлі ем-дом қабылдаған жігіт, босап шыққан соң арманын іске асыру үшін Ақсай шатқалында тас жинапты.

«Алғаш ол ақ және қырлы тастарды тау етіп үйіп алды. Алматыдағы пәтерін жалға беріп, содан түскен ақшаға цемент сатып әкеліп қабырғаларын қалай бастады. Жалпы көп сөйлемейтін кісі еді. Қасына келіп сұрасаң ғана жауап береді. Болмаса жұмысын көрсетіп мақтанбайтын.

Елдің бәрі ол кісіні «жүйкесі сыр берген ауру» деп санайтын. Алайда оның жасаған жұмысы мен идеясына қарап олай деу қиын. Ақшаға мүлдем қызықпайтын. Туристер келіп, суретке түсіп, тиын-тебен беріп кететін. Сол ақшаның өзін қария цемент алуға жұмсап, өзі нан мен шай ғана ішетін еді», - дейді орманшы Болат Мұнасбаев.

Қырық жылға жуық уақыт ішінде ақсақал көлемі 200 шаршы метр болатын биіктігі 9 метрлік үш қабатты қамалды тұрғызып үлгерген. Қабырғасының қалыңдығы 1,5 метрге жетеді.  Алайда Ақсай шатқалының саяжай тұрғындарының кесірінен екі рет тас ғимараттың қабырғасы сөгіліп кетіпті.

«Мұндағы бір саяжай тұрғыны бақшасын суғарып, артынша кранды өшіруді ұмытып кеткен. Ағын су осы қамалдың қабырғасына бір апта бойы ағып, салдарынан екі рет құлап қалды. Соны жөндеуге қарияның екі-үш жылы кетті. Егер,  сол жағдай болмағанда қамал осы күні бітіп қалатын еді», - деді саябақ инспекторы.

Ақсақалдың арманы қамалды ертерек тұрғызып, қала тұрғындарына мұражай ретінде тарту ету болған. Іскер ақсақалға әкімдік тарапынан да қолдау көрсетіліп, бірнеше рет тегін цемент беріліпті.

Алайда, иесіз қалған қамал қазір қираудың сәл алдында тұр. Себебі көктемгі сел кезінде Ақсай өзені арнасынан асып, қорғанның шетін шайып жатыр.

«Бұл қамал Иван Плотниковтің жеке жұмысы болғандықтан, ол не әкімдіктің, не ұлттық саябақтың есебінде жоқ. Қарияның мұрагерлері, я болмаса осы істі жалғастырушы азамат табылар ма деп едім, бір жыл болды тым-тырыс. Көз алдымызда тұрғызылған қамалдың қазіргі жайы жыларман қалде. Туристер келіп, қоқыстарын шашып кетеді.

Біздің міндетіміз тек тазалығын қадағалау. Ғимараттың 90 пайызы бітіп тұр. Осы істі соңына шығаратын азамат болса», - деп армандады орманшы. Кезінде әлемдік БАҚ жарыса жазған Ақсайдағы қамал осылайша иесіз әрі ешкімге керексіз болып қалған.

Тағы бір айтары, еңбекқор қарияның қамалдағы жатын және жұмыс бөлмесі мұражай секілді сол қалпында.

Құдды бір кеше ғана құрылыс жасап кеткендей, жинақы. Қария қамалдың бір бөлмесіне жылу пешін орнатып суық күндері жылынып, ас-су қайнатып ішкен.

Өзіне күтім жасамаса да табиғатты аялап ұстайтын ақсақал, ешуақытта қамалының жан-жағын қоқыстамаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1615030-almatylyq-ormanshylar-ush-qabatty-qam/

pixel